«Мектепте орамал тарту орынсыз ба?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 25 қаңтар, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Ел дамуының үштен бірі «Самұрық - Қазына» қорының үлесінде» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалаға кеше «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының кеңейтілген алқа мәжілісінде көтерілген мәселелер баяндалады. Мәжілісте негізгі баяндаманы жасаған қор басшысы Қайрат Келімбетов Үкіметтің дағдарыспен күрес жөніндегі бағдарламасының басты операторы болып табылған Қор өткен жылды табысты аяқтағандығын атап көрсеткен. Нәтижесінде Ұлттық қордан дағдарыс салдарын еңсеру үшін бөлінген 1 триллион 87,5 миллиард теңгенің 91 пайызы игерілген. Сондай-ақ Қор шағын және орта бизнесті қолдау шараларының аясында соңғы 4 жылда жалпы сомасы 513 миллиард теңгеге 10 мың 537 жобаны қаржыландырып, соның нәтижесінде 19 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.
Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында «Сығалаған секталар, мардымсыған миссионерлер» атты проблемалық мақала жариялады. Мақала авторы еліміздегі діни секталардың пайда болу тарихын, оның адамзат дамуына тигізген әсерін және осы ұйымдардың қазіргі таңдағы қызметін терең әрі жан-жақты сараптайды. «Егер тарихқа үңілер болсақ, секталар немесе сектанттық топтар сонау антикалық дәуірде де өмір сүрген екен. Олардың адамға тигізетін ықпалдары да орасан. Әсіресе, дәстүрлі діндерден хабары аз адамдар ондайлардың айтқандарына тез көнетін көрінеді. Өздерін адамдарды құтқарушы ретінде көрсетіп, жеңіл ойлы еліктегіштерді соңдарына ерте білетіндер әр заманда да табылған. Қазіргі жаһандану дәуірі олар үшін тіпті «іздегенге - сұраған» болған сыңайлы»,-дейді автор.
***
«Айқын» газетінің сейсенбілік санында «Келер жылы тұрғын үй құрылысы құлдырауы мүмкін» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағытында көтерілген өзекті мәселелер жөнінде баяндалады. Онда есеп берген Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокин былтырғы жылы Қазақстанда 1,9 триллион теңгеден астам қаржының құрылыс жұмыстары жүргізілгендігін мәлімдеген. Банк атаулы ипотека беруді күрт кемітіп, халықтың басым көпшілігінің баспана сатып алуға қаржысы қалмағандығына қарамастан, өткен жылы еліміздегі бұл сала нақты көлем индексін 2009 жылмен салыстырғанда 101 пайызға асыра орындапты. Сондай-ақ Агенттік басшысы қалаулыларға алдыңғы жылға жеке инвесторлар өз есептерінен жаңа құрылыс бастауды жоспарлап отырмағандығын ашық айтты. Сондықтан биыл тиісті шаралар қабылданбаса, 2012 жылы, өткен жылдармен салыстырғанда, тұрғын үй құрылысының көлемі құлдырауы мүмкін.
«Мектепте орамал тарту орынсыз ба?». «Айқынның» бүгінгі нөмірінде осындай тақырыппен мақала басылды. Мақала авторы орамал дауы облыстарды аралап кеткендігін айта келе: «Кеше ғана Шымкент қаласындағы шу білім және құқық қорғау қызметкерлерін орнынан бір көтерсе, енді редакциямызға Жамбыл облысына қарасты Қордай ауылындағы Б.Бөлтірікова атындағы №4 мектептің 5 оқушысының арызын арқалап, «Зәкәт» қайырымдылық мекемесінің директоры Райхан Шынтасова келді. 5 оқушының арызын қорыта, өзі де шағым хатын жаза келген». Автордың жазуынша, мектеп басшылығы, нақтырақ айтқанда, директордың орынбасарлары Роза Бисетайқызы мен Гүлшат Ілиясова жеті қызды кабинеттеріне кіргізіп алып, «орамалдарыңды шешпесеңдер шықпайсыңдар», - деп бір сағат уақыт қамап ұстаған екен. «Суретке түсіріп бүкіл мектеп оқушыларының алдында масқаралаймыз» деп және әртүрлі сөздермен кемсітіп, қыздарға қатты қысым жасаған. Оқиғаның қалай өрбігенін жоғарыдағы мақаладан толық біле аласыздар.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Барыс табысты жыл болды» деген мақала жарияланды. Мақалада атап көрсетілгеннідей, кеше «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2010 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысын шығарып, алдағы міндеттерін саралаған. Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдинның айтуынша, 2010 жылы компания 14,8 тонна мұнай өңдеген. Бұл - 2009 жылмен салыстырғанда 16 пайызға артық. Сондай-ақ Басқарма төрағасының мәліметтері бойынша, ҚМГ жалпы сатып алулар көлемін 1,6 триллион теңгеге жеткізген. Оның ішінде қазақстандық үлес 51 пайызды құрап отыр.
Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, Дүниежүзілік экологиялық қордың жуырда жариялаған есебі - үрейлі. Бүгінде жер бетін мекендейтін тұрғынның әрбір бесіншісі аштық азабын тартса, он жылдан соң әрбір жетінші адамның қарны тоймайды деген болжам бар. Демек, 2020 жылдан бастап жер бетіне аштық қаупі төнеді. Оның алдын алу үшін не істеу керек?. Бұл туралы «Алаш айнасы» газетінде жарияланған «Астық пұлын құру қажеттігі туындады» деген мақаладан толық біле аласыздар.
***
«Казахстанская правда» басылымында «Индикатор форсирования инноваций» атты мақала жарық көрді. Онда Статитика агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісін айтылған өзекті мәселелер жарияланған. Мақала авторының жазуынша, Үкімет басшысы алқа мәжілісінде Агенттік алдына бірқатар маңызды міндеттер қойған. Нақтырақ айтқанда, статистикалық ақпарат барынша толық әрі тура болуы керек. Бұл әсересе нақты мәліметтерді жасырып бағуға тырысатын аймақтарда ерекше ескерілуі тиіс мәселе. Өйткені Үкімет қандай да бір аймақта бағаның шарықтауына жол берілген жағдайда оған қатысты шара қолдана білуі керек.