Мектепте ұлдардың, ал жоғары оқу орындарында білім алатын қыздардың саны басым

АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат -2011/12 оқу жылының басында күндізгі жалпы білім беретін мектептерде 2 млн. 522,8 мың адам білім алса, оның ішінде ұлдардың үлес салмағы 50,6 пайызды, ал қыздар  58 пайызды құрайды.

Мектепте ұлдардың, ал жоғары оқу орындарында білім алатын қыздардың саны басым

Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінен хабарланды.

«Қоғамда гендерлік теңдік және әйелдер мен ерлердің тең құқықтарын іске асыруында білім маңызды орын алады.  2009 жылғы Ұлттық санағының қорытындысы бойынша әйелдер мен ерлердің сауаттылық деңгейінің мәндері бірдей және шамамен 100 пайыз құрайды. Санақаралық кезеңде (1999-2009 жж.) халықтың білім деңгейі біршама ұлғайды: ғылым докторлары және ғылым кандидаттарының саны тиісінше 2 есе және 1,7 есеге артты, (әйелдер үлесі - 38,2 пайыз және 51,9 пайыз), 1,7 мың адамның PhD докторы ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 53,5  пайызды әйелдер құрайды», - делінген баспасөз айғағында.

Сонымен қатар, агенттік мәліметтеріне қарағанда, 2011/12 оқу жылының басында күндізгі жалпы білім беретін мектептерде 2 млн. 522,8 мың адам білім алса, оның ішінде ұлдар және қыздардың үлес салмағы тиісінше 50,6 пайыз және 49,4 пайызды құраған.

Бұдан бөлек, жыл сайын техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарда оқитындардың контингенті өсуде және 2011/12 оқу жылында оқитындар саны 601,8 мың адам құрады. Бұның ішінде 280,7 мың адам немесе 46,6 пайызы - қыздар. Көбінесе қыздар «Қызмет көрсету, экономика, басқару» - 24,5 пайыз (жалпы санынан), «Білім» (20 пайыз) және «Медицина, фармацевтика» (16,4 пайыз) мамандықтары бойынша оқуда. Жігіттер көбінесе «Өндіріс, құрастыру, көлікті пайдалану және жөндеу» - 14,1 пайыз (жалпы санынан), «Байланыс, телекоммуникациялар және ақпараттық технологиялар» (12,9 пайыз) сияқты мамандықтарды таңдайды.

 Сонымен қатар, Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша  2011/12 оқу жылының басында республиканың жоғары оқу орындарында 629,5 мың адам оқыды. Оның ішінде 366,5 мың адам немесе 58 пайызын қыздар құрайды. Мемлекеттік оқу гранттары бойынша 134,0 мың студент білім алуда, оның ішінде 83,8 мың адам немесе 63 пайызды қыздар құрайды. Студент-қыздардың көпшілігі «Әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес» - 22 пайыз (жалпы санынан), ал студент-жігіттер (25,8 пайызы) «Техникалық ғылымдар және технологиялар» мамандықтар тобын таңдайды.

2011 жылы магистранттар саны 21 мың адамды құрады, оның ішінде 65,4 пайызы - әйелдер. Докторантураларда 1,3 мың адам оқиды, оның ішінде 59 пайызы - әйелдер. Докторантурада оқитындар саны бойынша көбінесе әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес (26,6 пайыз), техникалық ғылымдар және технологиялар (22,2 пайыз), жаратылыстану ғылымдары (14,1 пайыз), мамандықтарының жартысынан көп бөлігін әйелдер (55-59 пайыз) құрайды.