Мектептегі буллинг: Оралда бірнеше педагог пен ата-аналар жауапқа тартылды

Орал қаласында оқушының буллингке ұшырау фактісі бойынша бірнеше ата-ана және мұғалімдер жауапқа тартылды, деп хабарлайды Kazinform.

буллинг
Фото: Freepik

Мектеп оқушысының екіншісіне сес көрсетіп, бетінен ұрғаны түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады.

БҚО Білім басқармасының баспасөз қызметі әлімжеттік оқиғасы 13 қараша күні сағат 07.50-де Зачаган кентіндегі №38 мектеп-лицейінің екінші қабатында орналасқан дене шынықтыру бөлмесіндегі әжетханада болғанын мәлім етті.

«Орал қалалық білім беру бөлімінің ақпаратына сәйкес, жәбірленген оқушының ата-анасы 6 желтоқсан күні мектеп әкімшілігіне орын алған жағдайды хабарлап, шара қолдануды сұраған. Сол күні мектеп әкімшілігі және Шаған полиция бөлімінің қызметкері сынып оқушыларымен және ата-аналармен мән-жайды анықтау үшін жиналыс ұйымдастырып, түсінік жұмыстарын жүргізді. Мектеп әкімшілігі оқушылар арасында құқық бұзушылыққа жол бергені үшін сынып жетекшілеріне тәртіптік шара қолданды. Орал қалалық білім беру бөлімі комиссия құрып, 8 желтоқсанда №38 мектеп-лицейінде тексеру жүргізіледі. Жағдай бақылауға алынды», – делінген ресми хабарламада.

Ал БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, күш көрсеткен балалардың ата-аналары жауапқа тартылды.

«6 желтоқсан күні Шаған полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлары аталған мектепте тексеру жүргізді. Соның барысында 15 жастағы 9-сынып оқушысының 8-сыныпта оқитын 13 жасар баланың бетінен шапалақпен ұрғаны анықталды. Аталған дерек Шаған полиция бөлімінде тіркелді.

Тексеру нәтижесінде 9-сынып оқушысының ата-анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 435-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.

Ал видеоға түсіріп тұрған 2010 жылы туған оқушының ата-анасына қатысты аталған кодекстің 127-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Оқушылармен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – деп хабарлады ведомстводан.

Әлімжеттік көрген баланың әкесі Жәнібек Төлепбергеновтің айтуынша, баласының буллингке ұшырап жүргенін Instagram-да жарияланған видеодан білген.

Соңғы жаңалықтар