Мектептегі кейбір пәндер біріктірілсе, мұғалімдер жұмыссыз қалмай ма – министр жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде кейбір пәндерді біріктіріп оқытуға қатысты пікір білдірді.

Мектептегі кейбір пәндер біріктірілсе, мұғалімдер жұмыссыз қалмай ма – министр жауабы
Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

– Көтерілген мәселе пилоттық жоба ретінде жоспарланып отырғаны белгілі. Ұсыныс бойынша алгебра мен геометрияны біріктіру мәселесі көтерілген. Бұл жаппай ауқымды түрде енгізілмейді. Әлемде бар үрдіс. Жалпы пәнаралық байланыс, пәндердің біріктіріліп оқытылуы бұрыннан бар дүние. Сондықтан қазір әріптестеріміздің ұсынысы бойынша пилоттық деңгейді жоспарлап отырмыз. Егер нәтиже беретін болса ары қарай жалғасады. Ал егер дұрыс болмаса бұрынғыдай қала береді. Сол үшін мектептердің таңдауына беріледі, - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, пилоттық жоба барлық 20 өңірдегі белгілі бір мектептерде ғана енгізіледі. 

– Мектептердің тізімі анықталғаннан кейін жарияланады. Әрбір мектеп соған орай оқу жоспарын айқындайды. Мұғалімдер жұмыссыз қалмайды. Бұл міндеті түрде жан-жақты талқыланып қабылданатын дүние, - деді Ғани Бейсембаев. 

Айта кетейік, жыл соңына дейін «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы қабылданады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум