Мектептегі құқықбұзушылық: Білім басқармасының басшысы буллингтің сипаты мен салдарын түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM – AIMAQ подкастының жаңа шығарылымында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мектептегі құқықбұзушылық қандай жағдайда буллинг саналатынын және онымен күрес қалай жүргізілетінін мәлімдеді.

Қасымхан Сенғазыев
Фото: видеодан алынған скрин

Оның сөзінше, буллинг дегеніміз – баланы қатарластары ұдайы түртпектеп, үнемі тиісіп, үздіксіз қоқан-лоқы жасауы.

– 111 нөміріне ата-аналар мен балалардан қоңырау, шағым көп түседі. Бірақ сол фактілерді зерттей келе, жартысынан көбі буллинг емес екені анықталады. Себебі балалардың бірін-бірі бір рет итеріп қалуы, мазақтауы не бір рет сөзбен әлдене деп тиісуі – буллинг емес. Буллинг – күн сайын немесе жүйелі түрде қоқан-лоқы көрсету, – деп түсіндірді маман.

Әйтсе де, буллингті мектеп оқушылары арасында мүлде жоқ деп те айтуға болмайды. Бала болған соң, ондай фактілер кездеседі. Әсіресе, өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер, 6-7 сынып оқушылары арасында жиі тіркеледі.

Сонымен бірге, Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, буллингке ұшыраған және буллинг жасаған балалар мен олардың ата-аналарына педагогикалық сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі. Сол арқылы мәселені шешу амалдары жасалады.

– Қазір бұрынғыдай мектепте тіркеуге алу деген жоқ. Тіркеуге алу тек қалалық полицияда бар. Қылмыс жасаған балалар соттың шешімімен қалалық полицияның тіркеуіне алынады. Қазір шаһарда ондай тізімде 125 бала бар. Олармен жеке жұмыс істеледі. Ал әлгіндей тіркеуге енбеу үшін мектепте баламен педагогикалық сүйемелдеу, психологиялық қолдау жұмыстары жүргізіліп, буллинг салдарынан шығару керек, – деді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін балалардың буллинг пен суицидтік ниетін анықтайтын жүйе әзірленгенін жазғанбыз.