Мектептегі әлімжеттік: 10-сынып оқушысынан ақша алған жасөспірім қамауға алынды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте 10-сынып оқушысынан ақша жинаған деген күдікпен жасөспірім қамауға алынды. 11-сынып оқушысын екі айға уақытша тергеу абақтысына жабу туралы санкцияны Қаратау аудандық сотының судьясы Жанат Мүсірәліқызы берген, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі. 

Мектептегі әлімжеттік: 10-сынып оқушысынан ақша алған жасөспірім қамауға алынды

Қаратау аудандық сотының төрағасы Ермахан Рахманбердінің айтуынша, оқушыны қамауға алуға Қайнарбұлақ саяжайындағы №83 мектептің 10-сынып оқушысының әкесі Майлыбай Рысбаев жазған арыз негіз болыпты.

«Ол арызында 2017 жылдың қазан айынан бастап 2018 жылдың ақпан айы аралығында өзінің №83 мектепте 10-сыныпта оқитын баласы Б.Ж.-дан 11-сынып оқушысы  Т.Н үш рет 2 мың теңге, бір рет 3 мың теңге, бір рет 1500 теңге ақша алғандығы жөнінде арызданған. Заңды шара қабылдауды сұранған. Сол арыздың негізінде санкция берілді», - дейді аудандық сот төрағасы.

Қазіргі таңда жоғарғы сынып оқушысына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің  194-бабы 2-бөлігінің 1,3-тармақтарымен  іс қозғалған. Күдікті Т.Н.-ға  «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына 2 ай мерзімге санкция берілді. Тергеу амалдары жүргізілуде. 

Айта кетейік, бұл оқиғадан бөлек 10 ақпанда дәл осы мектептің 11-сынып оқушысы үйінің ауласында асылып қалған болатын. 16 жастағы Ерсұлтан Ахметовтің  өлі  денесін ауладағы моншаның артынан анасы тауып алған болатын.

Марқұмның туыстары жасөспірімнің өліміне достарын кінәлады. Өйткені, бақилық болардан бірер күн бұрын жасөспірім мектепте өзге балалардың әлімжеттік жасап жүргені жөнінде бауырларына айтқан екен. Ал, қайтыс болған кезде оның қалтасынан өліміне кінәлі деген бірнеше адамның аты-жөні жазылған қағаз табылғаны белгілі.

Қазір бұл оқиға бойынша Қаратау аудандық полиция бөлімі тарапынан қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Барлық ақпарат пен факті тергеудің құпиялылығына байланысты жарияланбауда.