Мектептегі буллингпен күрес – депутаттар өз ұсыныстарын жариялады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектептердегі буллингпен күреске қатысты ұсынысын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Депутат елімізде буллинг пен балалар құқығын қорғау кешенді проблема екенін айта келе:Біраз жылдар бойы мектептерге психологтердің жеткілікті санын алу мәселесін көтеріп келеміз. Кейбір әріптестер балалар психологке бармайды деген уәж айтып жатыр. Дегенмен, бұл сылтау шындыққа жанаспайды. Қазір балалардың таным-түсінігі мүлдем басқа, олар психологке баруды дұрыс қабылдап отыр және бұл көмекті қажет етеді. Ақпараттың көптігіне байланысты қазір балаларда белгілі бір проблема бар екені байқалып отыр, - деді А. Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның пайымынша, Қазақстанда психологиялық қызметті күшейту қажет. Қазір бір психологке шаққанда 1000-1500 баладан келеді. Сондықтан, мұндай жүктемені еңсеру мүмкін емес. Бұл ретте депутаттар Үкімет алдына қосымша психолог кадрларын тарту, оларды даярлау жүйесін жетілдіру мәселесін көтеріп отыр.
Сондай-ақ, құмар ойындарға тәуелділік, балалардың құқықтары мәселесін шешуге арналған заң жобасы дайындалып жатыр.
Бізде кейбір балалар үйірмелерге бармайды, спорт секцияларымен қамтылмаған. Кейбір ата-аналар баласын бес-алты секцияға жазып қояды. Сонымен қатар, күні-түні жұмыста жүрген ата-аналар баласын секциялар мен үйірмелерге тіркей алатынын да білмейді. Сондықтан, біз заңнамаға тиісті түзетуді енгіздік. Оның аясында үйінде бос жүрген балалардың үйірмелерге міндетті түрде баруын қамтамасыз ететін қадамдар ескерілген. Мұндай батыл әрекеттер жасау керек, себебі бұл балалар үйірмелерге мүлдем бармауы мүмкін. Сонымен қатар, қиын жағдайға тап болған жеткіншектер мен жасөспірімдерге психологтер көмектесуі тиіс, - деді депутат.Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде білім беру ұйымдарындағы буллингке қарсы бірыңғай бағдарлама әзірленіп жатыр.