Мектептегі қазақ тілі оқушының тұлға болып қалыптасуына көмектеспей отыр - мектеп директоры
АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгінде мектеп оқулықтарында оқушының функционалдық сауаттылығын арттыру мақсаты байқалмайды. Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде басталған ҚР Филологтарының I съезінде Абай атындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқыту мектебінің директоры Мұхтар Ыбырайымов осы мәселені ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, қазіргі оқулықтарда тілдің құрылымын теориялық тұрғыдан оқытуға негізгі басымдық беріледі. «Орта білім беру курсының бағдарламасында тіл мәдениеті, сөз мәдениеті, шешендік өнер сияқты сөздер аталғанмен, оқушының білімін тексеретін қорытынды аттестаттауда бұл мәселелер аяқсыз қалып жатады. Оған Ұлттық бірыңғай тестілеу айқын дәлел бола алады. ҰБТ сұрақтарының бір пайызы да функционалдық сауаттылыққа негізделмеген. Онда таза теориялық мәселелер қамтылған», - дейді М. Ыбырайымов.