Мектептегі жылудың болмауына байланысты балалар сабаққа барудан бас тартты ? Алматы облысы

АЛМАТЫ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Толқын елді мекеніндегі орта мектепте жылудың болмауына байланысты балалар мектепке барудан бас тартып отыр.
None
None
Бұл туралы бүгін «Ар-намыс» республикалық мұғалімдер мен оқытушылардың мүддесін қорғау қоғамдық бірлестігінің өкілдері баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біздің бірлестікке Толқын ауылының тұрғындары атынан жергілікті қалыптасқан ахуалға назар аударуды сұраған өтініш келіп түсті. Аталған елді мекенге барғанымызда, бірқатар күрделі мәселелердің куәсі болдық. Соның ішінде, балалар жаңа жылдан бері мектепке қатынауды қойған. Бұған басты себеп, білім ордасында жарықтың, жылудың жоқтығы болып отыр. Ауылда электр жарығының өшіріліп тасталуы салдарынан мектепте де жылудың берілуі тоқтатылған. Сыныптардағы ауаның температурасы даладағы суықпен бірдей. Сондықтан да ата-аналар балаларын сабаққа жіберуден бас тартып отыр. Біздер жауапты орындарға хабарластық. Алайда бұл мәселеге орай нақты жауап ала алмадық», - дейді «Ар-намыс» республикалық мұғалімдер мен оқытушылардың мүддесін қорғау қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Әміртаева. Жалпы Толқын елді мекенінде 110 отбасы тұрса, оның 70 пайызы шет елдерден көшіп келген оралмандар. Ал 131 оқушыға білім беретін мектеп 23 жылдан бері жөндеу көрмеген екен. Тұрғындар мектеп мәселесінен басқа ауыз су, электр жарығы, жер дауы, оралмандардың азаматтық алуы секілді түйткілдердің де әлі шешімін таппай отырғандығын айтады. Осы орайда толқындықтар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Білім және ғылым министрлігіне аталған мәселелерге назар аударуды сұрап хат жолдамақ.
Соңғы жаңалықтар