Мектептер құрылысындағы заңсыздық бойынша 22 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 6 қылмыстық іс қозғалды
Онда мектептердің құрылысын жүргізу, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тарту барысындағы жергілікті атқарушы органдар қызметіндегі заңдылықтың сақталуы мәселелері қаралды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметінен хабарланды.
Ақпаратқа сәйкес, Бас прокуратураның тексеруі барысында анықталған құқық бұзушылықтардың арасында ең көп таралғандары мыналар болды: құрылыс-монтаждық жұмыстарын жобалық-сметалық құжаттамалардан ауытқып жүргізу, құрылыс нормалары мен технологияларын бұзу, қауіпсіз емес құрылыс материалдарын, сондай-ақ метрология органдарында тексеруден өтпеген өлшем құралдарын пайдалану. Оның ішінде республикада құрылысы жүріп жатқан 165 жалпы білім беру мектептерінің төрттен бір бөлігінің мерзімі бұзылып салынып жатқаны анықталған. Жиналыста аталып көрсетілгендей, көбінесе қалыптасып отырған жағдай құрылысқа теріс пиғылды құрылысшыларды жіберетін және орындалмаған жұмыстардың актілеріне қол қоятын шенеуніктердің жауапкершіліксіз қатынасының салдарынан болып отыр.
«Тексеру нәтижесі бойынша 22 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 6 қылмыстық іс қозғалды, 5 материал тергеуге дейінгі тексеру жүргізу үшін қаржы полициясына жолданды. Талқылау қорытындысы бойынша уәкілетті органдар басшыларына анықталған бұзушылықтарды жою және балалардың ыңғайлы және қауіпсіз білім алу құқықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету бойынша тиімді ұйымдастырушылық-практикалық шаралар кешенін қабылдау жөніндегі міндеттер қойылды», - делінген баспасөз хабарламасында.
Прокурорларға құрылыс саласындағы қадағалау тиімділігін арттыру, барлық заңдылықты бұзушылықтарды жоюға және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуға қатаң бақылауды қамтамасыз ету тапсырылған.
Бұдан бөлек, халықтың еңбекпен қамтылуы саласындағы заңдылықтың жай-күйін талдау қазақстандық еңбек нарығына шетелдік жұмыс күшінің белсенді түрде енуін, сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін пайдалану тәртібін сақтау жөніндегі уәкілетті органдар тарапынан тиісті бақылаудың болмауын куәландырады. Жергілікті атқарушы органдардың жол беруі салдарынан шетелдік азаматтарды тартуға рұқсат беру тәртібін бұзу, рұқсат алу үшін көрінеу жалған құжаттарды пайдалану, сәйкес біліктілігі жоқ шетелдік жұмысшыларды тарту фактілері орын алған. Қазақстандық заңнамалар талаптарын жаппай ескермеу, қазақстандық жұмысшылар құқықтарын дискриминациялау фактілеріне жол беріледі.
«Жүргізілген тексерулер нәтижелері бойынша прокуратура органдары 11 қылмыстық іс қозғады, 2230 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдік жұмыс күштерін тартуға 1396 рұқсат қайтарып алынды және 271 рұқсаттың әрекет етуі тоқтатылды, елімізден 238 шетелдік азамат шығарылды. Жиналыс қорытындысы бойынша Үкіметке заңдылықты бұзушылықтарды жою, елімізге шетелдік жұмыс күштерін тарту тәртібін реттейтін заңнамаларды қолданудың тиімділігін арттыру туралы ұсыныс енгізу туралы шешім қабылданды», - делінген баспасөз хабарламасында.