Мектептер мен балабақшалар арасында өткен экологиялық марафон жеңімпаздары анықталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – «ЭкоАсар – игі істер марафоны» республикалық акциясына Қарағанды мен Теміртау қалалары белсенді түрде қолдау көрсетті. Мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері макулатура мен пластик жинап, экологиялық мәдениетті үлгі ретінде насихаттады. Бұл үшін марафонға қатысушылар марапаттарға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мектептер мен балабақшалар арасында өткен экологиялық марафон жеңімпаздары анықталды

Нұр-Сұлтанда экологиялық марафонның қорытындысы шығарылды. Жобаның ұйымдастырушылары — Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, ӨМК операторы, «Жас Ұлан» Республикалық қоғамдық бірлестігі.

Бірінші орынды Қарағанды қаласының №45 мектеп-гимназиясы мен «Тілек» бөбекжайы; Теміртау қаласының №16 мектебі мен «Алтынай» бөбекжайы алды. Екінші орында – Қарағанды қаласының №15 мектебі және «Ертегі» бөбекжайы. Үшінші орын Қарағанды қаласының №59 мектебіне бұйырды.

«Біз экочеллендждерге бірінші рет қатысып отырған жоқпыз. Бізде «Эко-мектеп» жобасы жұмыс істейді. Экологиялық марафонды барлық сынып оқушылары ғана емес, ата-аналар да қолдады. Төменгі сынып оқушылары 850 кг макулатура жинады. Жоғары сынып оқушылары қоқысты бөлек жинау туралы бейнероликтер түсірді. Экоматериалдардан қолөнер бұйымдары жасалды. Мұғалімдер сынып сағаттарын өткізді, онда қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеудің маңыздылығы туралы айтылды», – деді Қарағанды қаласының №45 гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ирина Деева.

Балабақша мұғалімдері мен тәрбиешілері үшін онлайн-тренингтер өткізілді. Алынған білім оларға экотренер болуға мүмкіндік береді.

Қайта өңделетін шикізатты тапсырудан түскен қаражат қайырымдылық пен әлеуметтік жобаларға жұмсалады.