Мектептер неге мүлгіп отыр?»- баспасөзге шолу
«АСТАНА. 3 тамыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 3 тамыз, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Оңтүстікке атбасын бұрып, қазығын қаққан ірі инвестор ретінде Германия елін айтуға болады. Жақында аймақ басшылары мен германиялық «Rromodis Energy» компаниясының жетекшілері «Оңтүстік Грин Энерджи» бірлескен кәсіпорнын құру туралы құрылтай құжаттарына қол қойды. 300 жылдық тарихы бар «Rromodis Energy» компаниясы негізінен фотоэлектрлі станcа, биогаздық қондырғы сияқты жаңғыртылатын энергия көздерінен қуат алатын нысандар салумен айналысады. Қазір облыс тұрғындарының 50 пайызы энергия тапшылығын сезініп отыр. Қыста 230 мегаватт, жазда 175 мегаватт сырттан тасымалданады. Осы олқылықтың орнын толтырып қана қоймай, бірлескен жоба аясында қала мектептерінде күн батареяларын, көшелер мен саябақтарда қуат үнемдегіш шамдар орнату жоспарлануда. Бүгінде инвесторлар аудандарға да кеңінен тартылуда. Сонау Қаратаудың қойнауында жатқан өндірісті қала Кентауда да осы мәселеде көңіл қуантарлық тірліктер көп. Биыл Қаратау тәжі - Кентау қаласы 50040 млн. теңгеге инвестиция тартып отыр. Ол жаңа жобаларды, атап айтар болсақ, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ электр-изоляциялық, механикалық цехының жобасын алайық. Жобаның құны - 1 млрд. 200 мың теңге. Жаңадан 110 адамды жұмыспен қамтымақ. Бұл жоба үстіміздегі жылдың қазан айында іске қосылады деп жоспарланған.
Бұл мақала «Инвесторлар қаржыларын Оңтүстікке салғысы келеді» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда «Тергеу абақтысынан «брага» табылды» атты материал басылған. Таяуда Атырау облысындағы №157/1 тергеу абақтысында отырғандардың туысқандары мен қорғаушылары шу шығарды. Түрме ішіндегі кезекті тексеру шарасына келіспеген тұтқындар өздеріне қол жұмсауға дейін барды. Осыған орай түсінік берген облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарованың хабарлауынша, тергеу абақтысында отырғандар арасынан 1 айыпталушы өз ішін өзі жарған, ал 7 тұтқын қолдарының тамырын кесіпті. Жарақат алғандардың барлығына шұғыл медициналық жәрдем көрсетілген. Г.Мұхтарованың мәлім етуінше, соның алдында тергеу абақтысында кезекті тексеру жүргізілген. Тексеру барысында түрме ережесіне сәйкес келмейтін көптеген заттар табылып, тәркіленген.- Кезекті тексеру кезінде тұтқындардан ұшталған, кесетін түрлі заттар, ұялы телефондар, тіпті, 2,5 литрлік ыдысқа қолдан ашытылған спиртті ішімдік, яғни «брага» табылды. Ережеге сәйкес келмейтін заттардың бәрі тәркіленді. Ал тұтқындарға зәбір көрсетті, ұрып-соқты деген дерек жалған, - деді Гүлнәзира Мұхтарова.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Мектептер неге мүлгіп отыр?» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Тәуелсіз ел болғанымызға жиырма жылдан асып кетті. Халқымыз өз еркіндігін алған алғашқы жылдары ептеп өзгертіле бастаған түрлі атаулар қайта тоқтап қалды. Ауылдарға жаңадан немесе тарихи атауларын қайтару облыс әкімдерінің құзырында қалды. Орысша атаулардың көбі өзгерді. Бірақ, мектептер Кеңестік жүйе кезінде қалай аталса, сол күйінде әлі тұр. Тәуелсіздік тұсында туған жасөспірімдер осы білім ұяларында оқып шықты және одан кейінгілер де оқып жатыр. Мәселен Крупская, Киров, Ворошилов, пролетариаттың жазушысы Горький, Кутузов, Куйбышев, лейтенант Шмидт, Орджоникидзе тағы да толып жатқан большевиктердің атында. Ресейдің өзі мектеп тұрмақ, миллиондаған тұрғыны бар қалаларының атын большевиктерден тазартып болғанда, Білім және ғылым министірлігі мүлгіп отыр. Бүйте берсек, жас ұрпаққа жоғарыда аты аталған аталарымызды кім деп түсіндіреміз? Cонан кейінгі бір мәселе; орыс мектептерінде қазіргі таңда оқитын балалардың көпшілік бөлігі қазақ балалары. Сондықтан орыс мектептерінің көпшілігін аралас мектептерге айналдыруымыз керек. Артынан осы аралас мектептерге көп ұзатпай қазақ орта мектебі,- деген мәртебе бергеніміз дұрыс. Сонда ғана барып Қазақстан нағыз қазақ еліне айнала бастайды»,-деп жазады мақала авторы.
«Айқын» басылымының жазуынша, Израиль мен Палестинаны АҚШ бейбіт келісімге «мәжбүрлі» түрде көндірді. Керри америкалық «бейбіт әлем» жолында жаңа жарнама жасамақ па, әлде Вашингтон Ираннан сескеніп отыр ма? Екі көршісінің «татуласуына» қарсылық танытқан Иранның жақын арада Таяу Шығыстағы жаңа державаға айналатын түрі бар. Тегеранның 2014 жылдың ортасына қарай ядорлық қару жасауға толық мүмкіндігі болады. Бұл туралы АҚШ-та арнайы баяндама жасалды. «Вашингтон мен Иерусалим бұған күмәнмен қараса, Тегеранның асығы алшысынан түсіп, ядролық қару жасауға қажет уақытқа ие болады», - делінген баяндамада. Бұл жайында толық оқығыңыз келсе, «Таяу Шығыстағы келісім уақытша ма?» деген мақаланы қараңыз.