Мектептер жанында ойын автоматтарын орнату көбейіп барады — сенатор

АСТАНА. KAZINFORM — Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев соңғы уақытта «кран» түріндегі ойын автоматтарының күрт көбейіп жатқанын айтты. Бұл жабдықтар мектептердің, үйірмелердің, спорт секцияларының маңында және балалар өздері кіретін дүкендердің ішінде жаппай орнатылып жатыр. 

ойын автоматтары
Фото: акимат Шымкента

Оның пайымынша, осының салдарынан балалар ойын автоматтарына баратын негізгі аудиторияға айналып барады. Балалар бұл аппараттарға мектептегі түскі асқа берілген ақшаларын жұмсайды. Қауіптің айқын болуына қарамастан, аталған автоматтар «Ойын бизнесі туралы» заңның реттеу аясына кірмейді, техникалық стандарттармен белгіленбеген және жас шектеулері жоқ.

— Соңғы жылдары «Кран» немесе «Ұстап ал» деп аталатын автоматтардың кеңінен таралуы алаңдатып отыр. Мұндай аппараттар ақшалай ұтыс қарастырылмағандықтан, құмар ойындары санатына жатпайды. Заң мұндай автоматтардың жұмыс механикасы, ұтыс алгоритмі, жас шектеулері немесе орналастыру талаптарына қатысты нормаларды қамтымайды. Санитариялық нормалар, сауда ережелері, техникалық регламенттері мен басқа да талаптар белгіленбеген. Олардың қауіпсіздігін, шыққан жерін немесе балаларға арналған санитариялық талаптарға сәйкестігін тексерудің міндетті механизмі жоқ, — деді Ғалиасқар Сарыбаев өзінің депутаттық сауалында.

Сенатордың айтуынша, бақылаудың болмауы бұл салаға фискализациядан және ашық есептіліктен жалтаруға мүмкіндік беріп, қолма-қол ақша айналымының бақылаусыз өсуіне әкеледі. Көп жағдайда балалар жүлдені ұта алмауы, механизмнің түсініксіз жұмысы және ақау кезінде ақшаның қайтарылмауы туралы шағымданады.

Ғалиасқар Сарыбаев бұл автоматтарға жеке құқықтық мәртебе беруді, міндетті сертификаттау мен механикалық тексеруді енгізуді, жас шектеулерін белгілеуді, оларды балалар мекемелері маңында орналастыруға тыйым салуды, сондай-ақ реттеу, салық салу және сыйлықтардың сапасын бақылау бойынша мемлекеттік органдардың құзыреттерін бекітуді ұсынды.

Бұған дейін құмар ойындарға қатысуға тыйым салынатын азаматтардың тізбесі кеңейтілгенін жазған едік

Соңғы жаңалықтар