Мектептерде бокс пен дзюдо сабақтарын енгізу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ауылдарда спортты қалай қолжетімді етуге болады, мектептегі алғашқы әскери дайындық сабақтарын қалай заманауи талаптарға сай жаңғыртуға болады және балаларар асындағы семіздіктің өсуін қалай тоқтатуға болады? Осы және өзге де өзекті мәселелер Қазақстан Халық Кеңесінің спорт және әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі салалық комиссиясының отырысында талқыланды.

Мектептерде бокс пен дзюдо сабақтарын енгізу ұсынылды
Фото: Астана әкімдігі

Жиынға Марат Әзілханов пен Олимпиада жүлдегері Ислам Байрамуков төрағалық етті. Басқосу сарапшыларды, белгілі спортшыларды, дәрігерлер мен қоғам қайраткерлерін бір алаңға тоғыстырды.

Отырыс барысында Халық Кеңесінің мүшелері өңірлерде бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға нақты жағдай жасаудың маңыздылығына назар аударды. Ислам Байрамуков пен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко спорт инфрақұрылымының қолжетімділігі мен білікті жаттықтырушылар тапшылығы мәселесін көтерді. Олардың пікірінше, тәлімгерлерді жүйелі түрде қолдап, ауылдарда спорт секцияларын дамытпайынша, балалар мен жастарды дене шынықтырумен тұрақты айналысуға кеңінен тарту мүмкін емес.

Мектептерде бокс пен дзюдо сабақтарын енгізу ұсынылды
Фото: Қазақстан Халық Кеңесі

Спорттағы таланттарды іздеу және олардың қабілетін ашу тақырыбын Гаджи Гаджиев жалғастырды. Оның айтуынша, көптеген дарынды бала бюрократиялық кедергілер мен қайда жүгіну керегін нақты білмеудің салдарынан өз әлеуетін дер кезінде жүзеге асыра алмай жүр. Жас спортшыларды іріктеу мен қолдаудың ашық жүйесін қалыптастыру үшін «Ел қуаты» бірыңғай цифрлық платформасын іске қосу, сондай-ақ спортқа бейімі бар балаларды анықтау мақсатында мектеп лигаларын дамыту ұсынылды.

Қазақстан Халық Кеңесі
Фото: Қазақстан Халық Кеңесі

Жоба аясында спортқа табиғи дарыны мен қабілеті бар балалардың дерекқорын құру, жергілікті жерлердегі инфрақұрылымды дамыту және чемпиондардың шеберлік сабақтарын өткізу көзделген. Бұл жастардың бойына дұрыс құндылықтарды сіңіріп, болашаққа бағдар беруге көмектеседі.

- Өз кезегінде Роман Төреханов отандық спорттың әлеуетін нығайту үшін жаттығу және ғылыми базаны күшейтуді, сондай-ақ мектеп бағдарламасына жекпе-жек түрлерінің негізгі элементтерін, атап айтқанда, бокс пен дзюдоны енгізуді ұсынды. Бұл балаларға аталған спорт түрлерімен танысып, кәсіби даярлықты жалғастыру үшін оларды саналы түрде таңдауына мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.

Ұсынылған бастамаларды қолдаған Нұрсұлтан Орынбасаров белсенді өмір салтын насихаттап, жастарды әскерге шақыру алдындағы даярлау тәсілдерін жаңартуға бағытталған шараларды ұсынды. Ол джиу-джитсудың әлеуетіне де айрықша тоқталып, бұл спорт түріне әлемде сұраныс жоғары екенін және оның жастардың дене дайындығы үшін маңызын атап өтті.

Мектеп оқушыларына арналған алғашқы әскери дайындық бағдарламасын жаңғырту мәселесін Айгерім Исбекова да көтерді. Ұсынымдар әзірлеудегі тағы бір басым бағыт – дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтына негізделген оқушылар денсаулығын нығайту. Бұл бағыттағы ұсыныстарын белгілі дәрігер Диляра Қайдарова ортаға салды.

Талқылау қорытындысы бойынша осы және өзге де бастамаларды салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп жан-жақты пысықтап, нақты министрліктерге жолдау үшін практикалық ұсынымдардың жүйеленген топтамасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Айта кетелік елімізде 228 мыңнан астам бала спорттық үйірмелерге тегін қатысады.