Мектептерде қоқысқы сұрыптайтын эко-бокс қойылады — пилоттық жоба

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда мен Жезқазғанның 129 мектебінде қоқысты бөлек жинау үшін бір мыңнан астам эко-бокс орнатылады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

урна
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Біздің министрліктің пилоттық жобасы аясында жаңа оқу жылына дейін Астана мен Жезқазғанның 129 мектебінде қоқысты сұрыптап жинау үшін 1 мыңнан астам эко-бокс орнатылады. Қатты тұрмыстық қалдықтардың көму көлемін азайту мақсатында оларды сұрыптау және қайта өңдеу жобаларын іске асыру маңызды. Осы бағыттағы жобаларды қаржыландыруды арттыруға қатысты премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес әрбір жобаға министрліктен жауапты қызметкерлер бекітілді, — деді Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында.

Министрдің мәлімдеуінше, бүгінде 1,1 млн тоннаға дейін қоқыс-қалдықты өңдеуге мүмкіндік беретін 62 жоба мақұлданды.

— Оның ішінде 13 жоба 52,7 млрд теңгеге қаржыландырылды. Сонымен қатар 74,5 млрд теңге тұратын 21 жоба өнеркәсіпті дамыту қорының соңғы сатысында қаралып жатыр. Қаржыландырылған жобалар іске асыру сатысына өтті, қазір жабдық орнатылып жатыр. Экологиялық жобаларды іске асыру жергілікті атқарушы органдар мен инвесторлардың белсенді жұмысын талап етеді. Өңір әкімдіктері жобаларды толық іске қосқанға дейін сүйемелдеу қажет, — дейді ол.

Бұған дейін Экология министрі қазақстандықтар қандай экологиялық проблемаларға жиі шағымданатынын айтты. 

Соңғы жаңалықтар