Мектептерде қолданыстағы 173 оқу әдебиеті тыңғылықты сараптамадан өтті - «Мирас» кеңесі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектептерде қолданыстағы 173 оқу әдебиеті тыңғылықты сараптамадан өтті.
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мемлекеттік тілді оқыту, қазақ тіліндегі оқулықтар мәселесі тақырыбындағы кеңейтілген отырысында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, биыл «Мирас» кеңесі жанынан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ғалым-педагогтарынан тұратын қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдарды сараптау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы мүшелері «Алматыкітап», «Мектеп», «Атамұра», «Арман ПВ», «Жазушы» баспаларынан шығарылған, қолданыстағы 173 оқу әдебиетіне сараптама жасалды.
«Жалпы алғанда «Алматыкітап» баспасының 40 оқу әдебиетіне, «Атамұра» - 53, «Мектеп» - 64, «Арман ПВ» баспасының 10 оқу әдебиетіне және жеке баспаларда басылып шыққан 6 оқулық қамтылды. Сараптама жүргізу барысында нормативтік құжаттарға сәйкестігіне байланысты кейбір оқулықтардың типтік оқу бағдарламасына сәйкессіздігі анықталды, яғни 173 оқулықтың 20-сы сәйкес болмай шықты. Ал тақырыптарда ауытқулардың кездесуі 14 оқулықта орын алса, оқу бағдарламасын толық қамтымауы 23 оқулықта анықталды»,-деді Д. Нөкетаева.
Сонымен қатар ол оқулықтың мазмұндық жағына байланысты ғылымның қазіргі даму деңгейіне оқу материалының сәйкессіздігі 173 оқулықтың ішінде 14-інде кездесті. Тақырыпқа байланысты деректер, ақпараттардың жаңартылып көрсетілмегендігі - 11 оқулықта, оқу материалының кеңінен, логикалы, бірізді, жүйелі баяндалмауы - 22 оқулықта, ғылыми түсініктер, терминдер, ережелер, заңдардың қазақ тілінде дұрыс және дәлелді ашылмауы, химия, физика, математика, информатика, алгебра, геометрия, астрономия пәндері бойынша формулалардың, реакциялардың, есептердің берілуіндегі қателерге жол берілуі 54 оқулықта орын алды.