Мектептерде оқушыларға кәсіптік бағдар беретін мұғалім болады – Ералы Тоғжанов
«Адам үшін ең бастысы – білім. Себебі, білімді азамат өзін еркін сезінеді, болашаққа сеніммен қарайды және қай бағытта қозғалу керектігін біледі. Әрбір жас қазақстандық осыған ұмтылуы тиіс. Әрине, мамандық таңдау – бұл күрделі мәселе. Сондықтан, биыл мектептерде 7-сыныптан бастап оқушыларға кәсіптік бағдар беретін мұғалім жұмыс істейді. Ол оқушыларға дұрыс бағыт таңдауға көмектеседі», - деді Ералы Тоғжанов.
Вице-премьердің айтуынша, елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,4%, ал еш жерде жұмыс істемейтін және оқымайтын жастар – 7,2%.
Қызу пікірталас барысында вице-премьер қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Үкіметтің жас буын арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру және басқа да өзекті мәселелерді шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Еске салсақ, «AMANAT» партиясының Жастар қанаты «Жастар рухы» деп аталатын болды.