Мектептердегі медиация жасөспірімдер қылмысын төмендетуде біршама қолғабыс болады - дөңгелек үстел

АСТАНА. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Мектептердегі медиация институтының құрылуы жасөспірімдер қылмысын төмендетуде біршама қолғабыс болады.
None
None

Бүгін «Мектептердегі медиация» жобасын талқылауға арналған Астанадағы дөңгелес үстел жиынында Орталық Азия - бейбітшілік пен келісім қоғамдық қорының басшысы Алмат Тоекин осындай пікір білдірді.

Еске сала кетейік, қазіргі уақытта қоғамдық ұйымдармен Астанадағы 3 мектепте медиация институттары құрылуда. Ал ҮЕҰ жанынан медиация орталықтары ашылады.

А. Тоекиннің айтуынша, медиация институтының енгізілуі кәмелетке толмағандар арасындағы үдеп бара жатқан қылмыс оқиғаларын азайтып, балалардың бір-бірімен қарым-қатынасындағы шиеленістердің төмендеуіне септігін тигізеді, сондай-ақ мектептердегі медиаторлар даудың бастапқы кезеңінде алдын алып, оның ары қарай ауыр қылмыстарға дейін өршуіне жол бермейді.

Оның мәліметінше, Астанада кәмелетке толмағандардың арасында құқықбұзушылық фактілері өсуде. «Астана қаласы Прокуратурасының ақпараты бойынша, жасөспірімдермен күніне 120-дан астам қылмыс жасалады. Соның 12 пайызы - қылмыстық жауапкершілік жасына жеткендердің қолымен істелуде», дейді ол.

Оның атап көрсеткеніндей, әкімшілік құқықбұзушылыққа баратын балалардың саны да жыл сайын 12-13 пайызға өсуде. «Соңғы жылдары Қазақстан үшін суицид сынды құбылыстың өзі үйреншікті болып кеткен», деді А. Тоекин.

«Біздің қоғамымыз баланың қалыптасу үдерісіне әсер ететін әлеуметтік бақылау тетіктерін жоғалтуда. Мектептерде және оның сырт аумақтарында балалардың арасында орын алатын шиеленістер мен қылмыстарды толық алдын ала алмаймыз. Алайда медиация институты жасөспірімдер қылмысын төмендетуде біршама қолғабыс болады», деді А. Тоекин сөз соңында.

Медиация - мектеп оқушылары арасында туындаған дау-дамайлы қарым-қатынастарын баламалы түрде шешудің бірден бір жолы. Ол араздасушы тараптардың бір-біріне деген өшпенділігін азайтып, керісінше өзара бейбіт келісімге келуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар