Меланшонның Франция президенті сайлауының екінші турына өту мүмкіндігі артты
АСТАНА. KAZINFORM – Франциядағы президент сайлауына сегіз ай қалғанда «Бағынбайтын Франция» қозғалысының лидері Жан-Люк Меланшонның рейтингі айтарлықтай өсті. Соңғы сауалнамаға сәйкес, ол қарастырылған бес сценарийдің үшеуінде екінші турға өтуі мүмкін, деп хабарлайды Euronews.
Toluna Harris Interactive компаниясының M6 және RTL үшін жүргізген сауалнамасында Меланшонды сайлаушылардың 16-17%-ы қолдауға дайын екені анықталды. Сәуірдегі сауалнамада оның рейтингі 12% болған.
Осылайша ол ұзақ уақыт бойы Марин Ле Пеннен кейінгі екінші орынға негізгі үміткер саналған Эдуар Филипппен теңесіп келеді. Алайда Франсуа Олланд сайлауға қатысқан жағдайда Меланшон Филипптен 2 пайыздық тармаққа қалып қоюы мүмкін.
Меланшон үшін ең тиімді сценарий – қарсыластарының бірнеше кандидатқа бөлінуі. Мәселен, Рафаэль Глюксман, Габриэль Атталь, Эдуар Филипп және Бруно Ретайо қатар додаға түскен жағдайда Меланшон 16%, Филипп 14%, ал Глюксман 10% дауыс жинауы ықтимал.
Жексенбіде Шатонёф-сюр-Изерде жақтастары алдында сөйлеген Меланшон президенттік амбициясын тағы аңғартты.
– Жеңіске жетуге болады, – деді ол.
Сөзінде саясаткер экология мен экономика мәселелеріне басымдық берді. Кейінгі аптап ыстық, орман өрттері мен құрғақшылықтан кейін ол Францияда «экологиялық мемлекет» құру идеясын көтерді.
– Климаттың өзгеруі адамзат өркениеті тарихында мүлде жаңа дәуірді бастап отыр, – деді Меланшон.
Ол сондай-ақ Эмманюэль Макронның он жылдық билігін қатаң сынға алып, оның қызметтен кетуін «көпшілік азаттықтай күтіп отырғанын» мәлімдеді.
Осы уақытта Францияның солшыл саяси күштері арасында да бәсеке күшейіп келеді. Рафаэль Глюксман президент сайлауына қатысатынын ресми жариялады. Ол «Бағынбайтын Франциядан» бөлек, еуропашыл социал-демократиялық солшыл күш қалыптастыруды көздейді. Сауалнамада оны шамамен 10% сайлаушы қолдаған.
Алайда Меланшон бірінші турда айтарлықтай ілгерілегенімен, екінші турдағы жағдай әзірге оның пайдасына емес. Сауалнама бойынша, Марин Ле Пенмен тікелей бәсекеде Ле Пен 68%, ал Меланшон 32% дауыс жинауы мүмкін.
Меланшон солшыл кандидаттардың көптігі дауыс бөлшектенуіне әкеледі деген пікірмен келіспейді.
– Кандидаттардың саны емес, сайлаушылардың саны маңызды, – деді ол.
Айта кетейік, Франциядағы президент сайлауының бірінші туры 2027 жылғы 18 сәуірге жоспарланған.