Мелодрама жанрында «Алыстан жеткен хат» атты жаңа фильм түсірілді
АЛМАТЫ. Маусымның 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Елімізде режиссерлер соңғы уақытта бет бұрмай кеткен мелодрама жанрында «Алыстан жеткен хат» атты жаңа фильм түсірілді.
Кеше Алматыда аталған фильмнің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жаңа фильм қазіргі Қазақстандағы адамдардың өмірі, махаббаты жайлы. Белгілі депутаттың, кәсіпкер қызы күйеуімен ажырасып, жан жарасын жазу үшін көрікті Көлсайға демалуға аттанады.Сол жерде ол бала күнгі махаббатын кездестіріп, ежелгі уәдесі бойынша қосылады. Фильмнің режиссері Бақтияр Сейітқазиевтің айтуынша, мұнда қазіргі өмірді көрсету басты мақсат болған.
«Көрермендер Ресейдің атыс-шабысы мен батыс пен АҚШ-тың қиял-ғажайыптарынан жалықты. Оларға өз ортасында болып жатқан оқиғалар қажет. Ешқандай зорлық-зомбылық, анайы қылықтар қоспастан фильмде қазіргі қоғамда ақшаның әлі де басты орында емес екендігін, мөлдір махабаттың әлі де жоғары тұратындығын көрсеттік. Көрерменге дағдарыстың салдарларынан бір сәт болса да арылтатын, туған жеріміздің көрікті табиғатын насихаттайтын, жақсы сезімдер мен махабатты, мейірімділікті ұялататын әрі мұңды, әрі көңілді фильм ұсыну басты мақсат болды», - дейді Б.Сейітқазин. Бюджеті 100 мың долларлық фильм оның алғашқы туындысы болып отыр. Оның айтуынша, фильм Кореядағы Пусан фестиваліне ұсынылған. Кейіпкерлерді әуесқой әртістер сомдаған жаңа фильмнің сценарийін Ерік Ыбыраев жазған. Режиссердің сөзіне қарағанда, фильм шілде айында DVD түрінде сатыла бастайды.