Мэлс Елеусізов: Экология министрлігін қайтадан құру керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Париж келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау кезінде «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов Қазақстанда экология министрлігін қайта құруды ұсынды.
«Климаттық, экологиялық мәселелер өзекті екені белгілі. Негізі экология министрлігі болғаны дұрыс. Бұған дейін бізде осындай өкілетті ведомство болған еді. Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау министрлігі қажет деген тұжырымдамын. Сондықтан аталған ведомствоны қайта құру тұрғысында депутаттар бұл тақырыпты көтереді деп пайымдаймын»,-деді ол.
Сонымен қатар М. Елеусізов жаһандық климаттық жағдайға тоқтала келе, бүгінде ғаламшардағы температура жарты градусқа көтерілгенін, мұздықтардың 44 пайызы еріп кеткенін жеткізді.
«Адамзат алдында су проблемасы туындауда. Біздің де мұздықтар еріп жатыр. Хан Тәңіріне арнайы экспедицияға қатысқан болатынмын және ондағы үлкен мұздықтардың еруінің көрінісі үрей тудырады. Небәрі жарты градусқа температура өзгерсе де, мұздықтардың еру үрдісі жылдамдай түсті»,-деді ол.
Айта кетейік, Париж келісімі 2015 жылғы желтоқсанда БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 21-ші конференциясында Францияда қабылданды. Бұл келісім жаһандық орташа температураның жоғарылауына жол бермеу бағытында жұмыс істеу, яғни, температураның орташа өсімін 2 градустан асырмауды, жасыл экономикаға қаржы көздерін көптеп тарту секілді негізгі мәселелерді қамтып отыр.