Мембағдарлама бойынша субсидия алған жобалар саны жағынан ШҚО көш бастады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Қазақстанның шығыс өңірі республикада мемлекеттік бағдарлама бойынша субсидия алған жобалар саны жағынан көш бастады. Бұл туралы әкімдіктің отырысында ШҚО кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мақсат Мүсәпірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Мембағдарлама бойынша субсидия алған жобалар саны жағынан ШҚО көш бастады

Шығыс Қазақстанда үш бағыт бойынша бизнесті қолдау және дамытудың «Бизнестің жол картасы - 2020» бірыңғай бағдарламасы белсенді іске асырылуда. Мемлекеттік бағдарлама өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты әрі бірізділікпен дамуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

«Бағдарлама аясында кәсіпкерлікті қаржылай қолдау механизмдерінің бірі несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бөліктеріне субсидиялар беру болып табылады. 2017 жылдың басынан бері субсидия алған бағдарламалардың саны былтырғы көрсеткіштерге қарағанда 30%-ке артты», - деді М. Мүсәпірбеков.

Оның сөзіне қарағанда, 2010 жылдан бері облыста несиелердің жалпы құны 124,9 млрд теңге болатын 887 жоба субсидияланған. Ағымдағы жылдың 11 айында жалпы 14,7 млрд теңгеге 191 жобаға субсидия белгіленіп, соның 1,6 млрд теңгесі төленген. Ал 2016 жылдың осы кезеңінде жалпы 15,1 млрд теңгенің 147 жобасына субсидия белгіленіп, 1,5 млрд төленген болатын.

Субсидиялау өңірдің барлық аудандары мен қалаларын қамтыды, дегенмен оның үлкен бөлігі орталық қалалар Өскемен (356 жоба) мен Семейдің (196) үлесіне тура келеді.

Басқарма басшысы салаларға шаққанда субсибия бөлінген жобалардың басым көпшілігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі екенін тілге тиек етті. Бұдан тыс, көлік және қойма, сауда, ауыл, орман, балық шаруашылықтары, пәтер және тамақтану қызметтерін көрсету, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметтер секілді салалар да өңірде жанданып келеді.