Мембағдарламаларды жүзеге асыру барысында қалада 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылды - Бауыржан Байбек

«Елбасының тапсырмасы бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламалар аясында біз қалада жаңа тұрғын үйлер салудамыз, инфрақұрылым мен коммуникацияны жаңғыртудамыз, жаңа жұмыс орындарын ашудамыз. Мысалы, «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша 124 үй салу үшін 73 млрд. теңге бөлінді. Биылғы жылы 85 үйдің құрылысы аяқталады, оның 40%-ы қалаға қосылған Алатау ауданында. 5 мың жұмыс орны пайда болды. Жалпы, қолжетімді баспана көлемі қалада 6,5 есе артты. Биыл 3 мың отбасы пәтер алды, жыл аяғына дейін тағы да 3,2 мың отбасы жаңа қонысқа ие болады», - деді қала әкімі.
Қала басшысы «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша 106 км инженерлік желі, мектептерге 2 жаңа корпус, 28 қолжетімді баспана салынғанын, соның арқасында 2,4 мың жұмыс орны ашылғанын жеткізді.
«Индустриалды-инновациялық даму аясында құны 36 млрд. теңге болатын 33 жоба іске асты. Жыл аяғына дейін тағы да қосымша құны 59 млрд. теңге болатын 22 жоба қолға алынып, 5 мың жұмыс орны ашылады. Бизнестің Жол картасы бойынша 687 жоба орындалып, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады», - деді әкім.
Айта кетейік, бүгін Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған салтанатты жиын өтіп, Алматы әкімі Бауыржан Байбек алматылықтарды Конституция күнімен құттықтады.