Мембағдарламалардың шеңберінде анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны 3 еседен астам артты - қаржы полициясы

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - Мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны 3 еседен астам артты (68-ден 255-ке дейін), олардан келтірілген залал сомасы 5,9 млрд.теңгеден асты. Бұл туралы бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) төрағасы Рашид Түсіпбековтің қатысуымен өткен мәжілісте айтылды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Мембағдарламалардың шеңберінде анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны 3 еседен астам артты - қаржы полициясы

Мәжіліс барысында Агенттік төрағасы салааралық және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында бюджет қаражатын ұрлау фактілерін әшкерелеу және алдын алуға баса назар аударуды тапсырды.

Ол қаржы полициясы органдарының қызметіне шағын және орта бизнес өкілдерінің тарапынан сенімнің артқандығын атап өтті және қол астындағы қызметкерлерден одан әрі кәсіпкерлік субъектілерін бақылаушы және қадағалаушы органдардың тарапынан заңсыз араласудан қорғауды қамтамасыз етуді талап етті.

Сондай-ақ Р.Түсіпбеков сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тұрғындардың қатысу белсенділігінің артқандығын айтты.

Мәселен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдемдескен тұлғаларды көтермелеу ережелеріне сәйкес жыл басынан 140-тан астам азамат көтермеленді, оларға 13 млн. теңге төленді.