Мемхатшы: Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өзекті мәселелерді шешуде айтарлықтай үлес қосуға даяр (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова жаңадан тағайындалған БҰҰ-ның Қазақстандағы Резидент-үйлестіруші - БҰҰ Даму бағдарламасының ҚР-дағы Тұрақты өкілі Норимаса Шимомурамен кездесті.
Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқандығына тоқталған Мемлекеттік хатшы: «2015 жылы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Қазақстанға сапарын жоғары бағалаймыз. Бұл сапар мазмұнды болғанын атап өткен жөн. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ тарапымен өзара қатынастарға ерекше назар аударып отырғандығын жақсы білесіздер», - деді.
Сонымен қатар, Г. Әбдіқалықова биылғы маусымда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайланған жағдайда адамзат алдындағы мәселелерді шешуде айтарлықтай үлес қосуға, сонымен қатар Орталық Азия өңірінің мәселелеріне халықаралық қауымдастықтың назарын белсенді тартуға дайын екенін айтты.
Мемлекеттік хатшы «Қазақстан-2050» стратегиясының, «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» мемлекеттік бағдарламасы және Бес институционалды реформалардың негізгі бағыттары БҰҰ Бас хатшысының Бесжылдық іс-қимыл бағдарламасының басымдықтарымен, Мыңжылдық Даму мақсаттарымен және БҰҰ-ның Тұрақты Даму мақсаттарымен үйлесімді екендігін жеткізді.
Кездесу соңында Г. Әбдіқалықова Тұрақты өкіл Норимаса Шимомураға Қазақстан мен БҰҰ Даму бағдарламасы арасындағы диалогты және өзара түсіністікті нығайтудағы жұмыстарына табыс тіледі.