Мемқызмет алу әлеуметтік желі мен мессенджер пайдаланғандай оңай болуы керек - министр
Елімізде азаматтардың талап-тілектерін жылдам әрі сапалы орындау үшін жасанды интеллект технологиясы енгізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Қазір жас баладан бастап зейнеткерге дейін әр азамат әлеуметтік желілерді, WhatsApp немесе Telegram мессенджерлерін пайдалана алады. Сол сияқты қызметтеріміз түсінікті және оңай болуы тиіс. Цифрлық форматта болса да кебір қызметтерді алуда қиындықтар бар. Мысалы, қазір әрбір пайдаланушы электрондық қолтаңбаны алу, оны компьютерде орнату, паролін ұмыту сияқты қиыншылықтарға тап болады. Ол үшін біріншіден, қызметтерді барынша смартфон немесе проактивті түрге көшіру, сұраныстарды тек биометрия немесе QR арқылы растау әр салада енгізіледі», — деді Бағдат Мусин.
Екіншіден, оның айтуынша, азаматтардың талап-тілектерін ChatGPT сияқты жылдам әрі сапалы орындау үшін жасанды интеллект технологиясы енгізіліп жатыр.
Бұл күні-түні азаматтардың құжаттарын рәсімдеуге, жалпы барлық сұрақтарға жауапты, қызметтерді тікелей чатта алуға мүмкіндік береді.
«Үшінші басты бағыт — бизнесмендерге арналған сервистерді дамыту. Азаматтардың өмірлік кезеңдері сияқты бизнес жүргізуде кездесетін жағдайлар қайта қаралады, қызметтер мен сервистердің жаңа форматы енгізіледі. Осылайша цифрлық сервистердің санын көбейту ғана емес, мемлекеттік органдармен бірлесіп, ескі процестердің реинжинирингін және әр бағытта жаңа технологияларды енгізу жұмысы жалғасады», — деді Бағдат Мусин.