Мемқызметші емес адамдарға заңсыз сыйақы бергені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе құжатты мақұлдады.

сыйақы
Фото: Kazinform

Мүдделер қақтығысы жағдайында қабылданған шешім заңсыз

— Қазіргі уақытта қарауға ұсынылған заң жобалары мынадай тың жаңалықтарды көздейді. Біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша алдын алу шаралары күшейтіледі. Осы мақсатта мүдделер қақтығысының алдын алу және реттеу институты осы процесті егжей-тегжейлі реттеу арқылы жетілдірілді. Бұл жұмыста әдеп жөніндегі уәкілдің, комплаенс-қызметтің және персоналды басқару қызметінің рөлі артып келеді. Лауазымдық өкілеттіктерді жеке мүддеге пайдалануға жол бермеу түрінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізіліп, «жеке мүдде» деген ұғымы нақтыланады. Сондай-ақ жеке мүдделерді декларациялау міндеті белгіленеді, — деді заң жобалары бойынша негізгі баяндама жасаған депутат Айдос Сарым.

Оның айтуынша, бірлесіп қызмет етуге тыйым салынған адамдар шеңбері кеңейтіліп, олардың қатарына байланысты адамдар енгізілді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі кадрлық процестерді бақылау күшейтілді. Мүдделер қақтығысын реттеу және болғызбау жөнінде шаралар қабылданбаған немесе уақтылы қабылданбаған жағдайда тәртіптік немесе әкімшілік жауапкершілік көзделеді.

Айдос Сарим
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Ал мүдделер қақтығысы жағдайында қабылданған немесе жасалған актілер, шарттар, мәмілелер және басқа да шешімдер жарамсыз, яғни заңсыз деп танылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдамағаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігінің құқықтық тетіктері жетілдірілген. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің атқарушы орган мен лауазымды тұлғаларынан тәуелсіздігі, және олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимылы көзделеді, — деді ол.

Пара ұсыну қылмыс 

— Екіншіден, параны ұсыну, уәде ету немесе талап ету деген әрекеттер қылмысқа жатқызылды. Бұл түзетулерді әзірлеу барысында жақын және алыс шетелдердің халықаралық тәжірибесі мұқият зерттелді. Мысалы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының барлық 38 елінде осы әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мұндай нормалар посткеңестік кеңістіктегі көптеген мемлекеттің заңнамасында да бар. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, пара туралы келісім жүргізу аяқталған қылмыс деп тану мемлекетке зиян келтірмес бұрын парақорлықтың жолын кесуге мүмкіндік беретін профилактикалық әсерге ие, — деді ол.

пара
Фото: Kazinform

Айдос Сарымның айтуынша, үшіншіден, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою бойынша жұмыс жетілдірілді. Мемлекеттік қызметші болып табылмайтын жұмыскерлер ірі көлемде немесе қорқытып алу арқылы заңсыз сыйақы алғаны үшін қылмыстық жауапкершіліктері күшейтілді. 

— Мемлекеттік қызметші болып табылмайтын адамдарға заңсыз сыйақы бергені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі уәкілетті органға осындай қылмыстарды анықтау және тергеу құқығы берілді, — деді палата депутаты.

Сыбайлас жемқорлыққа жауаптылық күшейтілді

— Бесіншіден, заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қылмыстық жазаларға сәйкес санкциялар белгілеу арқылы жауаптылығы күшейтілді. Алтыншыдан, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған жеке тұлғалар үшін шамадан тыс және пропорционалды емес құқықтық салдарлар тудыратын ережелер алынып тасталды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдарда және квазимемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеуге тыйым салатын немесе шектейтін бірқатар құқықтық ереже Конституциямен сәйкестендірілді, — деді ол.

Депутат сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қайта ұйымдастыру шараларын жүзеге асыру үшін түзетулер қабылданғанын айтты.

ҰҚК-нің жаңа қызметі бір айда сыбайлас жемқорлыққа қатысты 17 қылмыстық іс қозғады
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Оның өкілеттіктері Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі арасында бөлінді. Мемлекеттік заңды тұлғаларға мемлекеттік мүлік құрамына өтеусіз келіп түскен, хаттамалық немесе басқа да ресми іс-шара барысында берілген/тапсырылған сыйлықты алуға мүмкіндік беретін түзетулер қабылданды. Сондай-ақ құқықтық олқылықтарды жоюға, нормаларды заң техникасына сәйкес келтіруге бағытталған, сол сияқты заң жобасының мазмұнын сапасы жағынан жақсартқан редакциялық сипаттағы түзетулер қабылданды, — деді депутат.

Бұған дейін елде жемқорлыққа қарсы реформалардың орындалу барысы сарапталғанын жазған едік.