Мемқызметшілер жаппай кибергигиенаның қыр-сырын үйрене бастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметшілер жаппай ақпараттық қауіпсіздіктің қыр-сырын үйрене бастайды. Бүгін Астанада кибершабуылдарға тосқауыл қоюға арналған форумда Қорғаныс және аэроғарыш министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағаcының орынбасары Руслан Әбдіқалықов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемқызметшілер жаппай кибергигиенаның қыр-сырын үйрене бастайды

«Мәліметтердің негізгі шоғыры мемлекеттік ақпараттық жүйелерде жинақталған. Бұл өз кезегінде мемқызметшілерге қойылатын талаптардың айтарлықтай жоғары екендігін білдіреді. Сондықтан оларды лайықты деңгейде оқыту керек. Себебі мемлекеттік қызметшілердің арасында кейбірі ғана ақпараттық қауіпсіздікпен айналысады, алайда мемқызметшілердің барлығы мемлекеттік ақпараттық жүйелермен жұмыс істейді. Осы орайда біз бұл сектордағы адамдардың барлығын киберсаланың бастапқы негіздеріне оқыту мақсатын қойдық. Жұмыс орнындағы әрбір қызметші осы кибергигиенаны білуі тиіс », -деп нақтылады комитет өкілі.

 Сонымен қатар ол бүгінде ақпараттық қауіпсіздік жүйесі мамандығы бағытында гранттар артатынын атап өтті.

«Киберкеңістіктен төніп тұрған қатерлерге тиімді тосқауыл қою үшін бізде дайындалған кадрлар болуы тиіс. Өкінішке қарай, бүгінде кадрлар жетіспейді. Біз ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе алдағы жылдан бастап ақпараттық қауіпсіздік жүйесі мамандығы бойынша гранттар санын елеулі түрде арттыруға уағдаластық», - деді Р. Әбдіқалықов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, форум барысында елімізде кибершабуылдар толқыны күшеюі мүмкін екені айтылған болатын. 

Фото: www.massivealliance.com