Мемқызметшілердің 40 пайызы Әдеп кодексі нормаларын түсінбейді - Әлия Оразғалиева

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметшілер арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама олардың 40 пайызының Әдеп кодексі нормаларын жете түсіне бермейтіндігін көрсетті. 

Бұл туралы бүгін «Білім» ғылыми-зерттеу орталығының маманы Әлия Оразғалиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде «Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау саласындағы әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысын жетілдіру» тақырыбында өткен кеңесте ол аталған орталықтың зерттеу нәтижелерін жария етті. Әлеуметтік сауалнамаға 1658 адам қатысса, оның 44 пайызы орталық мемлекеттік органдардың, ал 47 пайызы жергілікті атқарушы органдардың қызметшілері болды.

«Сауалнамаға қатысушылардың 93,1 пайызы Әдеп кодексінің мазмұнымен таныс екендігін айтты. Дегенмен, олардың 32,2 пайызына көптеген тармақтары толықтай түсінікті болмаған. Ал 38 пайызы Әдеп кодексінің негізгі ережелерін түсіндіру қажеттігін атап өткен. Орташа есеппен алғанда тек сауалнамаға қатысқандардың 43,4 пайызы ғана кодекстің ереже нормаларын білуге қатысты сауалдарға дұрыс жауап бере алды. 40,8 пайызының жауабы қате», - деді Әлия Оразғалиева.

Сонымен қатар оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау саласындағы әдеп жөніндегі уәкіл институтының қызметіне қатысты да сауалнама жүргізілген. Сұралған мемлекеттік қызметшілердің 73,5 пайызы мемлекеттік мекемедегі әдеп жөніндегі уәкілдің кім екендігін білсе, қалғандары жауап беруге қиналған немесе білмейтіндігін айтқан. 72,6 пайыз мемлекекеттік қызметші уәкілге қандай сұрақтармен жүгінуге болатындығын білген.

«Сауалнама нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің 71 пайызы әдеп жөніндегі уәкілге Кодекстің сақталмауына қатысты барлық фактілерді бастықтың жазалау мүмкіндігіне, қызметтестерінің кінәлауына, ұжымдағы жанжалға қарамастан хабарлай алатындығын айтқан. Ал 13 пайызы проблема немесе жанжалды жағдай туындауы мүмкін деп есептейді», - деді орталық маманы.

Соңғы жаңалықтар