Мемқызметшілердің әдепсіз әрекеттері әлеуметтік желілер арқылы бақыланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымованың айтуынша, бүгінде әлеуметтік желілерде жарияланған мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз әрекеттері үнемі бақыланып отырады. Осы уақытқа дейін тәртіптік жазаға тартылғандар да жоқ емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемқызметшілердің әдепсіз әрекеттері әлеуметтік желілер арқылы бақыланады

«Біз әлеуметтік желілерге үнемі мониторинг жасап отырамыз. Сол кезде сан алуан корпоративтермен отырыстарда мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз әрекеттері бар фотолар жан-жақты зерделенеді. Ол жайында бұқаралық ақпарат құралдарында да жазылады. Ондайда агенттік бірден тиісті шараларды қолға алып жатады», - дейді Шайымова. Мәселен,өткен жылы этиканы сақтамаған 200-ге жуық мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылды. Олардың ішінде жұмыстан қуылғандар да бар.

«Мысалы, Ақмола облысының Бурабай ауданында жаға ұстатар бір жағдайдың болғанын бәрі жақсы біледі. Аудандық әкімдік деңгейіндегі лауазымды тұлғалар мас күйінде төбелес шығарған. Олардың біреуі жұмыстан шығарылса, екеуінің қызметі төмендетілді», - деп атап көрсетті Шаимова.