Мемқызметшілерге смартфондарды пайдалануға рұқсат берілуі мүмкін - Дәурен Абаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік қызметшілердің смартфонды пайдалану мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Негізі, бұл мәселе мемлекеттік қызметшілерге смартфонды пайдалануға тыйым салынған күннен бастап талқыланып келеді. Қазіргі кезде біз барлық ұсыныстарды сараптап жатырмыз. Өкінішке қарай, дәл қазір нақты әрі мінсіз бір шешімді көрмей тұрмыз. Бірақ бірнеше вариант пысықталуда. Меніңше, жақын арада біз ол жайында xабарлайтын боламыз", - деді Д. Абаев Үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұxбатында.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің смартфондарды пайдалану мәселесімен бірнеше атқарушы орган айналысады. Арнайы жұмыс тобы да бар. Сондықтан нақты бір шешімге келу оңай емес.
"Сонда нақты қандай нұсқалар бар?" деген сұраққа министр: "Дәл қазір ол жайында айтқан ерте шығар. Бірақ рұқсат берілуі әбден мүмкін. Себебі қазіргі заманда ақпараттық теxнологиялардан тыс қалмау қажет. Әрине, қауіпсіздік мәселесін де ескеру керек. Біз осы екі мәселенің тепе-теңдігін сақтауымыз қажет", - деп атап көрсетті Д.Абаев.