Мемқызметтер үшін ақыны смартфон арқылы төлеу мүмкіндігі кеңейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Банк картасы мен электрондық әмияны бар азаматтарға ақшасыз қолма-қол есептесуді ұсынатын онлайн-сервис іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «SmartPay» провайдерімен бірге пилоттық тәртіпте fastpay.kz онлайн-сервисін іске қосты. Енді ақшасыз қолма-қол есептесуді қалайтын азаматтар кең таралған 37 мемлекеттік қызметтің ақысын тек банк карталары арқылы ғана емес, «WebMoney», «Qiwi» жəне «WalletOne» электрондық әмияндары арқылы да төлей алады.
Сондай-ақ онлайн-сервистің көмегімен көлік, жер және мүлік салығын, әкімшілік айыппұлдар мен жол ережесіне қатысты айыппұлдарды төлеуге болады. Алдағы уақытта бұл тізім толыға түседі.
Жаңа сервис - мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттырып, халыққа қызмет көрсету саласын цифрландыруға жасалған кезекті қадам. Енді осы сервис іске қосылғандықтан, қызмет алушылар кассаға кезекке тұрмай-ақ, интернет желісі қосылған смартфон немесе басқа да гаджетпен www.fastpay.kz сайтына кіріп, тиесілі мемлекеттік қызметке шұғыл түрде төлем жасай алады. Төлем жасалған соң азаматтың электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті мен электрондық поштасына электрондық чек бекітілген хабарлама келіп түседі.