Мемлекет 6 айда отандық фармацевтерден 26,5 млрд теңгенің дәрісін сатып алған
АСТАНА. KAZINFORM – Елдегі дәрі-дәрмек өндірісінің көлемі бір жылдың ішінде 14,5 пайыз артқан. Бұл жайында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында айтты.
«Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде отандық өндірушілерге басым түрде қолайлы жағдайлар жасалды. Осының нәтижесінде, жылдың 6 айында 29,5 млрд теңге сомасына 196 түрлі дәрілік зат жеткізілді», - деді Ақмарал Әлназарова.
Министрдің сөзінше, бірінші жартыжылдықта отандық фармацевтикалық өндіріс көлемі 95 млрд теңге болып, былтырғымен салыстырғанда 14,5 % артқан.
«Бүгінгі таңда 35 отандық өндірушімен 4 мыңға жуық фармацевтикалық өнімді жеткізу туралы 94 ұзақ мерзімді шарттар жасалды. Жылдың соңына дейін қалған 24 отандық өндірушімен ұзақ мерзімді шарт жасау арқылы 1 412 түрлі дәрілік зат пен медициналық бұйым сатып алу жоспарланған», - деді ведомство басшысы.