Мемлекет ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер несиелерінің пайызын төмендетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері несиелерін 10 пайызға дейін арзандатады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
«Биыл мемлекет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің несиелерін арзандатуда. Мемлекеттік субсидиялар ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын алуға бағытталған лизинг пен аграрлық саладағы өндірісті дамыту үшін алынған ақшалай несиелерге төленеді. Мемлекеттік қолдаудың бұл түрі «Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында бекітілген», делінген ҚР АШМ ұсынған мәліметте.
Бірінші кезекте, фермерлердің етті және сүтті мал, қой шаруашылығы салаларындағы, бақша шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларындағы бизнесін дамытуға, сонымен қатар, аталған салалар үшін лизингке алынған техника мен жабдықтар субсидиялауға жатады.
Жалпы аграрлық өндірістің барлық бағыттары бойынша алынған несиелер арзандатылады.
«Бағдарлама талаптары бойынша қарыз алушылардың теңгемен алынған сыйақы мөлшерлемесі жылдық 14 пайыздан аспайтын, шетелдік валютамен алынған сыйақы мөлшерлемесі жылдық 10 пайыздан аспайтын несиелік және лизингтік міндеттемелері субсидияланады», деп атап өтілген хабарламада.
Айналымдағы қаражатты толықтыруға, негізгі жабдықтарды сатып алуға және құрылысқа, сондай-ақ технологиялық жабдықты, ауыл шаруашылығы техникасы лизингіне арналған теңгемен алынған несиелік және лизингтік міндеттемелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 7 пайызға, шетелдік валютадағы несиелік және лизингтік міндеттемелер бойынша 5 пайызға төмендетілді.
Мұнымен қоса, мал шаруашылығы мен жемшөп өндіру саласындағы ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға негізделген теңгемен алынған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 10 пайызға, шетелдік валютадағы несиелер жылдық мөлшері 7 пайызға төмендетілді.