Мемлекет азаматтарымыздың лайықты өмірін қамтамасыз етуі қажет - Елбасы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет азаматтарымыздың лайықты өмірін қамтамасыз етуі қажет. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет азаматтарымыздың лайықты өмірін қамтамасыз етуі қажет - Елбасы

"2017 жылдан бастап әлеуметтік саясат векторын күшейту бойынша шараларға бастамашылық жасадық. Оларды тағы да естеріңізге салғым келеді: кірістерді арттыру және халықтың аз қамтылған тобына қолдау көрсету. «Nur Otan» партиясының 18-ші съезінде мен бюджеттік төмен жалақы алатын қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға дейін, атқарушы органдардың төменгі қызметкерлерінің жалақысын 25 пайызға дейін көтеруді тапсырдым. Оған дейін 2017 және 2018 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы көлемін көтердік. Ал жалақысы төмен 2 млн қызметкерге салық төмендетілді", - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет тарапынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдауға айрықша назар аударылып отырғанын баса айтты. Сонымен қатар жаппай кәсіпкерлікті, өнімді еңбекті дамыту саясаты жалғасып жатқанын атап өтті.

"Нарықтық экономика жағдайында өмір сүргеннен кейін адам өз еңбегімен әл-ауқатын жасауы тиіс. Ал мемлекеттің №1 міндеті - адамға жұмыс пен лайықты табыс ұсыну. Ол "балаларымыз дүниеге келді, ақша беріңіздер" деп тіленбей өмір сүріп, отбасын асырай алуы қажет. Сол үшін ата-анасына жақсы жалақы, жағдай мен жеңілдіктер жасау қажет. Мемлекет азаматтарымыздың лайықты өмірін қамтамасыз етуі қажет", - деді Н.Назарбаев.