11:29, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Мемлекет бақылауына өткен Альянс Банк қызметін ауыл шаруашылығындағы жобаларды қаржыландыруға, ал БТА Банкті құрылыс саласын қаржыландыруға бағыттауға болады ? Үкімет басшысы
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекет бақылауына өткен «Альянс банк» қызметін ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды қаржыландыруға, ал БТА Банк қызметін Алматы мен Астана қалаларындағы құрылыс саласын қаржыландыруға бағыттауға болады.

Бүгін ҚР Үкіметінде өтіп жатқан селекторлық кеңес барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осылай мәлім етіп, ол бойынша тиісті тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Үкімет «Самұрық-Қазына» қоры арқылы екі жүйе құрушы банкті БТА мен Альянс банкті мемлекет бақылауына алу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты банктің директорлар кеңесі өткізіліп, менеджменттік ауысулар болды. Енді БТА Банктің 78 пайыз, ал Альянс банктің 76 пайызға жуық акциясы мемлекетте болады. Сондықтан да біз алдағы уақытта Альянс банктің негізгі қызметін шағын және орта бизнеске бағыттап, оның ішінде ауыл шаруашылығындағы жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыратын боламыз. Мұндай қаржыландыру мәселесіндегі жаңа мүмкіндіктер апта ішінде қарастырылып, шешімін табуы тиіс. Осыған орай «Үкіметтің іс-қимыл әрекеті туралы» бағдарламасына өзгерістер енгізу мүмкіндігі вице-премьер Өмірзақ Шөкеевке жүктеледі», деді К. Мәсімов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Алматы мен Астана қалаларындағы құрылыс саласын қаржыландыруға БТА Банк қызметін пайдалануға болатындығын жеткізді.