Мемлекет балық шаруашылығына құрама жемге субсидия бермек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет балық шаруашылығына арналған құрама жемге субсидия бермек. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет балық шаруашылығына құрама жемге субсидия бермек

«Субсидиялаудың келесі бағыттарын, атап айтқанда ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін құрама жемді субсидиялауды, тауарлық балық шаруашылығы үшін қоспа жемді субсидиялауды қосу көзделіп отыр. Түйе шаруашылығы, жылқы шаруашылығы, омарта шаруашылығы, бұғы шаруашылығы, ешкі шаруашылығы, құс шаруашылығы бағыттары бойынша өңірлік бағдарламалар арқылы субсидиялау мүмкіншілігін беру жолымен мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы әкімдіктердің рөлін күшейту ұсынылады», - деді Айтуғанов.

Оның сөзіне қарағанда, жарма, майлы және жүгері дақылдарының қоры құрылатын болады. Ауыл шаруашылығы коопераивтеріне құрама жемнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында оның бағасын арзандату көзделуде.