Мемлекет басшылары ауыса берер, бірақ халықтар, әсіресе көршілес халықтар бейбітшілік пен өзара түсіністікте өмір сүруі керек - Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ГФР Канцлері Олаф Шольц келіссөздер барысында халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Бұдан бөлек, Украина төңірегіндегі жағдайға назар аударылды.
– Мемлекеттер басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек. Қазақстанның Ресеймен дүние жүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шегенделген шекарасы бар. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамып келеді. Қазақстандықтар украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес. Киевте Елшілігіміз әлі де жұмыс істеп жатыр, – деді Қазақстан Президенті.
Айта кетейік, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Олаф Шольцті Ақордада қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц ынтымақтастық туралы Бірлескен декларация қабылдады.
Мемлекет басшысы Германияның ірі бизнес өкілдерімен кездесті.
Содан соң «Қазақстан – Германия» бизнес форумы аясында бірқатар құжатқа қол қойылған болатын.
Елімізде Германияның қандай университеттерінің филиалы ашылатыны белгілі болды.
Биылғы жеті айда Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-саттық көлемі 2,3 миллиард доллардан асты.