Мемлекет басшысы агросекторға арналған инвестициялық құралдардың бірыңғай тізбесін әзірлеуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Агросекторға қолжетімді әрі ұзақмерзімді қаржыландыру көзі қажет. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— «Агросекторға қолжетімді әрі ұзақмерзімді қаржыландыру көзі қажет. Бұл жөнінде бірнеше мәрте айттық. Аграрлық кредиттік корпорация мен „ҚазАгроҚаржының“ қолданыстағы инвестициялық құралдары өтінімдерді ұзақ қарайды әрі рәсімделу тәртібі қиын, сондай-ақ цифрландыру жағы жеткілікті деңгейде емес, — деді Президент.
Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Бәйтерек» холдингімен және қаржы нарығын реттеуші органмен бірлесіп, 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін агросекторға арналған инвестициялық құралдардың бірыңғай тізбесін әзірлеуді тапсырды.