Президент Астанада жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған мектеп-гимназияны аралады

Астана
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Астана қаласындағы №96 мектеп-гимназияны аралап көрді. Президентке білім ошағындағы оқу-тәрбие жұмыстарының барысы таныстырылды, деп хабарлайды  Kazinform Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл мектеп жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынды. Биыл пайдалануға берілген гимназия елорданың сол жағалауындағы басқа мектептердің жүктемесін азайтуға септігін тигізді. Қазір мұнда 1466 оқушы білім алады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоғамдық-гуманитарлық бағытта білім беретін мектеп-гимназияның оқу үдерісі туралы баяндалды. Оқушыларға ағылшын, француз тілдерімен қатар, қытай тілі де оқытылады.

Мектеп директоры Сәуле Теменованың айтуынша, мұнда инклюзивті білім беруге баса назар аударылған. Бұл ретте әр оқушыға жеке оқу бағдарламасы әзірленген. Сондай-ақ инклюзивті қолдау, емдік дене шынықтыру және бейіналды даярлау кабинеттері бар. Бүгінде мектеп-гимназияда арнаулы білім беруді қажет ететін 28 бала оқиды. Сонымен қатар мектепте цирк, қыш өнері, балет үйірмелері жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы мектеп-гимназияның спорт залын, роботты техника кабинетін аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті. 

Астана
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

«Роботты техника – перспективті сала. Мен сіздерді қолдаймын. Қазір әлем жасанды интеллектіге баса мән беріп отыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл – өте маңызды бағыт. Жасанды интеллект келешекте әрбір салада пайдаланылады. Сондықтан Қазақстан осы істе озық ел болуы керек деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент №96 мектеп-гимназияның педагогикалық ұжымымен жүздесіп, мемлекет ұстаздардың мәртебесін одан әрі көтеруді жалғастыра беретінін айтты.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына елорданың білім беру жүйесі жайында баяндалды. Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев биыл 16 мың оқушыға арналған 12 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Бүгінге дейін 7 мектеп ашылған. Жыл соңына дейін тағы 5 жаңа мектеп іске қосылмақ.

Сонымен қатар басқарма басшысы Президенттің Астана қаласында педагогикалық жоғары оқу орнын ашу жөніндегі тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Соңғы жаңалықтар
telegram