Мемлекет басшысы егіннен мол өнім алу жолдарын атады
АСТАНА. KAZINFORM — Егіннен мол өнім алу және әр гектарға шаққанда оның өзіндік бағасын төмендету өте маңызды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі осы стратегиялық салаға тікелей тәуелді. Бұл белгілі жайт. Сондықтан біз үшін егіннен мол өнім алу және әр гектарға шаққанда оның өзіндік бағасын төмендету өте маңызды. Бұл түйткілді шешу жолы түсінікті деп ойлаймын. Еске сала кетейін, бұған егістіктің рационалды құрылымы, сапалы тұқым, қолжетімді тыңайтқыш, ғылыми дәлдікке негізделген егіншілік және суды үнемді пайдалану есебінен жетуге болады, — деді Президент.
Мемлекет басшысы 2023 жылдан бері бидайдың бітік шығуына тәуелділікті азайтып, пайдасы әлдеқайда жоғары дақылдардың үлесін көбейту бағытында жоспарлы жұмыс жүріп жатқанын еске салды.
— Топырақ пен климат жағдайын, сондай-ақ өңдеуші кәсіпорындардың сұранысын ескере отырып, егістікті әртараптандыруды одан әрі жалғастырған жөн. Биыл диқандарымыздың минералды тыңайтқыш пайдалану деңгейі алғаш рет ғылыммен негізделген қажетті мөлшердің 65 пайызына жетті. Бұл — ауыз толтырып айтарлықтай жетістік. Бірнеше жыл бұрын аталған көрсеткіш небары 20 пайызды құраған еді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент отандық тыңайтқыш өндірісін дамытудың маңызы зор екенін баса айтты.
— Қазір пайдаланып жүрген тыңайтқыштың жартысына жуығы шеттен келеді. Жағдайды бұлай қалдыруға болмайды. Бұл жөнінде талай айттық. Қазір Түркістан облысында фосфорлы тыңайтқыштар шығаратын зауыт салынып жатыр. Маңғыстау облысында еліміздегі алғашқы аммиак-карбамид кешенінің құрылысы жоспарланған. Үкімет те осындай жобаларға қолдау көрсетеді, — деді Мемлекет басшысы.