Мемлекет басшысы: Ғылым – тұтас адамзаттың игілігіне қызмет ететін теңдессіз құндылық

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан барлық елмен зияткерлік байланысты ұлғайтуға ұдайы баса мән береді. Бұл туралы III Стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

п
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

- Бүгінгі форум аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы университеті Қазақстандағы өңірлік зерттеу хабын ашу туралы келісімге қол қояды. Бұл – айтулы жетістік. БҰҰ университетінің өкілдігін Алматыда орналастыру Қазақстанның ғылыми мүмкіндігі әлемдік дәрежеде мойындалғанына дәлел болады, сондай-ақ басқа да білім беру мекемелерімен және ғылыми ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жол ашады. Осылайша, біз университеттеріміздің әлеуетін нығайтып, қуатты академиялық ортаның қалыптасуына тың серпін береміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент былтырғы форумда «Мықты университеттер – келешектің кепілі» деп айтқанын еске салды.

- Шын мәнінде елдің технологиялық дербестікке жетуі ең алдымен, білім-ғылымның өркендеуіне тікелей байланысты. Сондықтан біз жастарымыздың сапалы білім алып, ғылыми зерттеулермен алаңсыз айналысуына және өз идеяларын жүзеге асыруына барынша жағдай жасауымыз керек. Ұлттың зияткерлік қарымы мен қабілетін ашу тұрғысынан мұның маңызы зор. Біз Конституциямызда айқындалған қағидаттардан айнымай, өркендеген, келешекке сеніммен көз тіккен әрі гүлденген мемлекет құруды жалғастырамыз, - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, ғылым – тұтас адамзаттың игілігіне қызмет ететін теңдессіз құндылық. Сондықтан білімде шекара жоқ, болмауға да тиіс.

- Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан барлық елмен зияткерлік байланысты ұлғайтуға ұдайы баса мән береді. Бұл ретте еліміздің білім және ғылым саласын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан университет басшыларына, ғалымдарға, оқытушыларға және барша әріптестерімізге тағы да алғыс айтамын. Алдағы уақытта да бірлесіп көптеген озық бастамаларды жүзеге асырып, өзара пайдалы байланыстарымызды жаңа деңгейге көтереміз деп сенем, - деді Президент.