Мемлекет басшысы Грузия Парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилиді қабылдады

Президент
Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM - Президент Грузия Парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилиді қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мейманға ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Оңтүстік Кавказ өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі – Грузиямен жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға айрықша мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ Президент Қазақстан мен Грузия арасындағы достық пен өзара түсіністік екіжақты байланыстарды тереңдету ісінде елеулі табысқа қол жеткізу үшін берік негіз болатынын айтты.

Президент
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев парламентаралық диалогтың мемлекетаралық қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Бұл ретте «Қазақстан-Грузия» парламентаралық достық тобы ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуге айтарлықтай ықпал ете алатынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде қазақстандық бизнес Грузия экономикасының түрлі секторында қызмет етеді және екі елдің сауда-экономикалық қатынастарын одан әрі кеңейтуге үлес қосып келеді.

Кездесуде екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, футболдан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының ақтық кезеңіне шыққан достас Грузия халқын құттықтап, сәттілік тіледі. 

Шалва
Фото: Ақорда

Шалва Папуашвили құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына алғыс айтты. Сондай-ақ бұл Грузия Парламенті төрағасының Қазақстан Республикасына алғашқы ресми сапары екенін, сондықтан оның сапары айтулы оқиға саналатынын атап өтті.

Шалва Папуашвили Грузияның Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады. Оның айтуынша, Тбилиси Астанамен жан-жақты байланыстарды, соның ішінде көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты тереңдетуге ниетті. Бұл ретте Грузия Парламентінің спикері Мемлекет басшысының Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірлесіп дамыту туралы бастамасын қолдады.

Шалва
Фото: Ақорда
Соңғы жаңалықтар