Мемлекет басшысы: Халықаралық академиялық серіктестіктің мықты базасын құрдық
АСТАНА. KAZINFORM – Шетелдік филиалдарды орналастыратын жерді таңдаған кезде облыстардың салалық мамандануы мен кадрлық қажеттілігі ескеріледі. Бұл туралы III Стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университетінің серіктестігі аясында заманауи оқу-зертхана корпусы мен жатақхана бой көтерді. Биыл бірлескен оқу бағдарламасын аяқтаған алғашқы түлектер бірден Қазақстан және Америка университеттерінің дипломына ие болды. Сондай-ақ Қазақстанда Кардифф университетінің филиалы қызметін бастады. Бұл – британиялық жоғары оқу орнының алғашқы халықаралық кампусы, - деді Қасым-Жомарат Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президент Ковентри университеті, Мәскеу инженерлік физика институты, Бейжің тіл және мәдениет университеті, Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті сияқты оқу ордаларына арналған кампустар салынып, кеңейтіліп жатқанын айтты.
- Ірі қалаларымызда атом саласына, жасанды интеллект пен креативті индустрия бағыттарына келешек мамандар даярлау жолға қойылып жатыр. Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі сапалы білім басқа өңірлерге де қолжетімді болуы керек деп санаймыз. Сондықтан шетелдік филиалдарды орналастыратын жерді таңдаған кезде облыстардың салалық мамандануы мен кадрлық қажеттілігі ескеріледі. Бір сөзбен айтқанда, құрметті қонақтар, әрине, сіздердің көмектеріңізбен халықаралық академиялық серіктестіктің мықты базасын құрдық. Ол үшін барша әріптестерімізге және достарымызға ризашылығымызды білдіреміз, - деді Мемлекет басшысы.
Қазіргі бұлыңғыр заманда әлемдік университеттер қауымдастығы өздерінің салмақты пікірлері мен ұстанымдарын айтуы керек. Бұл туралы III Стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.