Мемлекет басшысы: «Халықтық құрылыс» — ұлт дамуына кең жол ашатын жоба болмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Құт қонған қазақ даласы енді ауқымды құрылыс алаңына айналады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Қазақта «еңбек ерді оздырады» деген сөз бар. Шын мәнінде, өз ісін адал атқарып, міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың арқасында еліміз өсу, өрлеу дәуіріне қадам басып келеді. Біз жасампаз әрі озық ойлы ұлт болып, әрдайым алысқа көз тігеміз. Ел мүддесі үшін тек қана биік мақсаттарға ұмтыламыз. Мемлекет басшысы ретінде осы мақсатқа адал болу — мен үшін қастерлі парыз. Биылғы Жолдауда көрініс тапқан «Халықтық құрылыс» бағдарламасы соның айқын дәлелі екені сөзсіз. Бұл — құт қонған қазақ даласы енді ауқымды құрылыс алаңына айналады деген сөз. Алдымызда тұрған құрылыс жоспары, шын мәнінде, оның ауқымы тұрғысынан алып қарасақ, айбынды әрі бірегей, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің мәліметінше, еліміздің барлық аймағында емхана, аурухана, балабақша, мектеп, мәдениет және спорт ғимараттары, яғни халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған аса маңызды әлеуметтік нысандар бой көтереді. Сапалы жолдар төселеді, атом, су, электр станциялары, деректерді өңдеу орталықтары салынады.
— Осылайша мемлекетіміздің тұрпаты мен келбеті, экономикамыздың құрылымы айтарлықтай өзгеретініне күмән жоқ. Бір мезетте бүкіл саланы және барлық аймақты қамтитын дәл осындай өте ауқымды құрылыстың ел тарихында бұрын-соңды болмағанын сіздер жақсы білесіздер. «Халықтық құрылыс» — халқымыздың қолдауына ие болатын, ұлт дамуына кең жол ашатын жоба болмақ, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың атуынша, жалпыұлттық жобаға өндіріс орындары да, отандық кәсіпкерлер де белсене атсалысады. Жаңа жұмыс орындары пайда болады. Азаматтардың табысы артып, тұрмыс сапасы жақсарады.
— Түптеп келгенде, халықтық құрылыстың игілігі мен жақсылығын Қазақстанның әрбір азаматы, әсіресе өскелең ұрпақ өкілдері көреді. Сондықтан біз «Құрылыс және тағы да құрылыс» сөзін отаншылдық ұраны етіп, біртұтас қоғамымыздың мүддесі үшін Әділетті Қазақстанның әр кірпішін бірге қалаймыз. Мен бұған кәміл сенемін, — деді Президент.