Синьхуа агенттігі ҚР Президентінен алған сұхбаттың толық мәтінін жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне эксклюзивті сұхбат берді.
— Құрметті Президент мырза! Кейінгі екі жылда Сіздің және Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің басшылығының арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік одан әрі нығайып, жаңа мазмұнмен толыға түсті. Екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі даму деңгейін Сіз қалай бағалайсыз?
— Қытай — Қазақстанмен достас ел, алдағы уақытта да осы ниеттен айнымаймыз. Бізді ортақ шекара мен ғасырлардан тамыр тартатын қарым-қатынас байланыстырады.
Тарих елдеріміздің тағдырын бір арнаға тоғыстырды. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, халықтарымыздың жарқын болашағына қарай ұмтылып келеміз. Қазақ халқы «Жолы бірдің — жүгі бір» дейді.
Біз Қытаймен достықты жоғары бағалаймыз. Екі елдің өзара ықпалдастығы халықтарымыздың мақсат-мұраттарына сай келеді әрі Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады.
Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгені қуантады.
Қазақстанға деген ізгі ниеті және елімнің Еуразиядағы ықпалды держава ретіндегі маңызын бағалағаны үшін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге шынайы ризашылығымды білдіремін. Өзара тұрақты саяси диалог қазақ-қытай стратегиялық серіктестігінің өзегіне айналды.
Кездесулеріміз әрдайым ашық әрі өзара сенімге негізделген рәуіште өтеді. Біз екіжақты күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді жан-жақты талқылап, өңірлік және жаһандық дамудың өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарымызды айтып отырамыз.
Стратегиялық серіктестіктің мұндай сипаты дипломатиялық формуладан әлдеқайда кең ұғым. Бұл, шын мәнінде, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, саяси диалогты тереңдету, халықаралық аренадағы өзара іс-қимылды күшейту мен гуманитарлық байланыстарды кеңейту іс-шараларын қамтиды. Сондай-ақ аталған бағыттағы жүйелі әрі қажырлы жұмыс тату көршілікті нығайтуды көздейді.
Стратегиялық серіктестігіміздің жан-жақты сипат алғанын ерекше атап өткім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қарастырады.
Бұған сауда-саттық көлемінің рекордтық межелерді еңсеруі айқын дәлел бола алады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша аталған көрсеткіш 11 пайызға артып, 50 миллиард долларға жуықтады. Биыл алғашқы алты айда тауар айналымы 27,2 миллиард долларға жетіп, шамамен 25 пайызға өсті. Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестерінің көшін бастап тұр.
Тағы бір маңызды мәселеге назар аударғым келеді. Біз сауда көлемінің артуына ғана емес, экономикалық ынтымақтастықтың құрылымын өзгертуге де мүдделіміз.
Әлем экономикасының қазіргі беталысы негізінен шикізатқа арқа сүйейтін модельден өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияға біртіндеп көшуді қажет етеді. Бұл үшін бірлескен ірі өндірістер құрып, терең өңдеуді дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту және озық технологиялар трансферін жүзеге асыру керек.
Аталған бағыттағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Бұл ұстанымды қытайлық серіктестеріміздің де қолдайтыны қуантады.
Көлік және логистика саласы стратегиялық сипатқа ие. Қазақстан — тоғыз жолдың торабында орналасқан ел. Қытайлық серіктестерімізбен бірге осы географиялық артықшылықты тұтас Еуразиядағы заманауи көлік-логистика инфрақұрылымына айналдырып келеміз.
«Бір белдеу, бір жол» мегажобасын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын ілгерілету, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының мүлде жаңа жүйесін қалыптастырады.
Ынтымақтастығымыздың технологиялық бағыты да ерекше маңызға ие болып отыр. Қытай жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, робот техникасы, жаңа энергия көздері және жоғары технологиялық өндіріс салаларында әлемде көш бастайды. Қазақстан да жедел цифрлық трансформация бағытын ұстанады.
Жуырда Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға қатысу үшін Шанхайға сапармен барып, Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім.
Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та ниетті. Алдағы жылдары елордамызда дарынды балаларға арналған қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашуды жоспарлап отырмыз.
Технология Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіндегі аса маңызды бағыттардың біріне айналады.
Екі ел халықаралық аренада да белсенді әрі қарқынды ықпалдастық орнатқан. Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көпжақтылықты ілгерілету, сондай-ақ қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ұқсас.
Қазақстан «Бір Қытай» саясаты мен мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатын қолдайды.
БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясындағы ықпалдастығымыз жалғаса береді. Қазақстан «Орталық Азия — Қытай» форматындағы ынтымақтастықты толық құптайды.
Келесі жылы елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толады. Тарих үшін қас-қағым сәт саналатын кезеңде елдеріміз толайым табысқа қол жеткізді.
Жоғары деңгейдегі саяси сенімнің орнауы, халықтарымыздың достық пен ынтымақтастыққа деген шынайы ұмтылысы ілгерілеу жолындағы бірегей мүмкіндіктерге бастайды. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр, біз мұны толық іске асырамыз. Өзара сауда көлемін 100 миллиард долларға дейін жеткізіп, экономикалық байланыс сапасын арттыру қажет.
Қазақстан Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтып, оның мазмұнын байыта түсуге және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға дайын.
Екі ел қарым-қатынасының болашағы жарқын екеніне кәміл сенемін. Өйткені халықтарымыздың қалауы — осы. Қытайдың «Адамдар күш біріктірсе, Тайшань тауын да орнынан қозғайды» деген дана сөзі бар.
— Еуразия орталығында орналасқан Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасын бірлесіп жүзеге асырудағы маңызды серіктес саналады. Кейінгі жылдары Қазақстан мен Қытай өткізу бекеттерін жаңғырту, «ақылды кеден» жүйесін қалыптастыру және цифрлық логистиканы дамыту бағыттарындағы ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін белсенді түрде іске қосып келеді. Сондай-ақ трансшекаралық теміржол тасымалдары мен халықаралық көлік дәліздерін дамытуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуде. Екі елдің көлік байланысын нығайту және логистикалық дәліздерді дамыту саласындағы ынтымақтастық келешегін қалай бағалайсыз? Бұл ықпалдастық Қазақстанның өңірлік көлік-логистика хабы ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға қалай ықпал етеді?
— Әлгінде айтқанымдай, еліміздің көлік-логистика әлеуетін дамыту — стратегиялық басымдық. Қытайдан Еуропаға бағытталатын құрлықтағы транзиттік тасымалдардың шамамен 85 пайызы ел аумағы арқылы өтеді. Біз бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға мүдделіміз.
Сондықтан Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын толық қуаттайды және ұлттық стратегияларымызды одан әрі ұштастыру ісіне белсенді атсалысуға әзір. Үш құрлықты тоғыстырған осы мегажоба идеясын Төраға Си Цзиньпин алғаш рет Астанада жариялаған болатын. Мұның символдық мәні зор.
Екі ел Еуразияның жаңа көлік архитектурасын жүйелі түрде қалыптасып келеді. Атқарылып жатқан жұмыс ауқымын жүк тасымалының қарқынынан анық көруге болады. 2025 жылдың қорытындысында трансшекаралық теміржол тасымалының көлемі 35 миллион тоннадан асты.
Автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі де артып келеді. Былтыр шамамен 8 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 40 пайызға жоғары.
Жуырда «Арал — Каспий» жаңа магистралінің құрылысы басталды. Бұл жол Шығыстан Батысқа қарай жүк өткізу мүмкіндігін екі есе арттырып, Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдау уақытын 5 тәуліктен 3 тәулікке дейін қысқартады.
Әуе тасымалы қарқынды дамуда. Қазір екі ел арасында 21 бағытта аптасына 100-ден астам тұрақты жолаушылар рейсі қатынайды. Қазақстан мен Қытайдың ірі қалалары мен өңірлерін байланыстыратын әуе бағыттарының географиясы жыл өткен сайын кеңейіп келеді.
Жуырда Шанхайға жасаған сапарымда «Достық — Алашанькоу» бағытындағы теміржолдың екінші желісін салу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Жаңа желі іске қосылғаннан кейін осы маңызды шекаралық өткелдің өткізу қабілеті екі есе ұлғаяды.
Қазір «Аягөз — Тачэн» бағытындағы теміржол құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені едәуір азайтып, қосымша 20 миллион тонна жүк тасымалдауға мүмкіндік береді.
Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы көлік қатынасының аса маңызды буынына айналып келе жатқан Орта дәлізді дамытуға айрықша мән береміз.
Ортақ міндетіміз — осы бағыттың бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыру. Сондықтан «ақылды кеден» жүйесін енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіру мен шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға айрықша мән береміз.
Қазақстан мен Қытай шекара арқылы жүк тасымалын жеделдетуге мүмкіндік беретін берік инфрақұрылымдық негіз қалыптастыра алды.
Ляньюньгандағы бірлескен логистикалық терминал, «Қорғас — Шығыс қақпасы» құрғақ порты, Сиань мен Алматыдағы терминалдар, Ақтаудағы контейнерлік хаб табысты жұмыс істеп тұр. Қазір Чэнду қаласында қазақ-қытай теміржол жүк терминалының жаңа жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Қытай тарапының келісімімен Қазақстан таяу уақытта осы қалада Бас консулдығын ашады.
Осылайша, Қазақстан Еуразияның көлік-логистика хабына айналуды көздейді. Бұл жүк тасымалының көлемін арттырумен ғана шектелмей, логистика, өңдеу өнеркәсібі, өндіріс, электрондық сауда және заманауи қызмет көрсету салаларын қатар дамытуға мүмкіндік береді.
Басқаша айтқанда, біз транзиттік экономикадан көлік байланысына негізделген экономикаға көшуіміз керек. Түптеп келгенде, басты мақсат — еліміздің бірегей географиялық орналасуын ортақ өркендеуге, өңірлерді дамыту мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға тиімді пайдалану.
— Бұған дейін Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық негізінен энергетика мен сауда салаларына арқа сүйесе, қазір оның аясы кеңейіп, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және «жасыл» энергетика секілді жаңа бағыттар қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар Сіз Қазақстанда 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, бұл саланы мемлекеттік дамудың маңызды бағыттарының бірі ретінде белгіледіңіз. Сіздің ойыңызша, алдағы уақытта Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығына тың серпін беретін қандай жаңа бағыттар пайда болуы мүмкін?
— Сіз дұрыс атап өттіңіз, бүгінде елдеріміз арасындағы ықпалдастықтың жаңа белесі басталды. Ынтымақтастығымыз нақты сектордағы дәстүрлі бағыттардан бастап, цифрлық экономика саласындағы серіктестікке дейінгі кең ауқымды қамтиды.
Қазақстанда Қытай капиталының қатысуымен 9 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл — еліміздегі әрбір жетінші шетелдік кәсіпорын деген сөз. Олардың қатарында CNPC, CITIC, Huawei секілді ірі компаниялар бар.
Қытаймен өнеркәсіптік кооперация аясында жалпы инвестиция көлемі 62 миллиард доллардан асатын 260 жоба жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын машина жасау саласынан анық көруге болады. Елімізде BYD, Howo, Yutong, Golden Dragon, Shacman, JAC, Jetour және басқа да брендтердің өндірісі жолға қойылған. Былтыр Changan, Great Wall Motor және Chery жеңіл автомобильдерін сериялы түрде шығару басталды.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты — металлургия. Еліміздің ірі компанияларының бірі — «Qarmet» АҚ өндірістік қуатты жаңғырту, технологиялық тиімділікті арттыру және негізгі қорларды жаңарту бағытында Қытайдың жетекші корпорацияларымен белсенді жұмыс істеп жатыр.
«Жасыл» энергетика саласындағы серіктестік аясында Қытайдың қатысуымен жалпы қуаты шамамен 1,5 ГВт болатын 29 жоба жүзеге асырылды. Қазір жалпы қуаты 1,7 ГВт-тан асатын тағы 11 жоба іске асырылуда.
Озық технологияларды енгізуге келсек, әлем шынымен де технологиялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жасанды интеллект, робот техникасы, үлкен деректер мен автоматтандыру бүгінде жекелеген салаларды ғана емес, экономикалық дамудың тұтас моделін өзгертіп жатыр.
2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітілді.
Бұл қадамдар арқылы Қазақстан цифрлық трансформацияны экономиканы ғана емес, тұтастай қоғамдық өмірді жаңғыртудың негізгі тетігі ретінде таңдағанын айқын көрсетті.
Сол себепті де біз Қытаймен цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән береміз. Қытай қуатты технологиялық экожүйе қалыптастырып, жасанды интеллект, робот техникасы, электрондық коммерция және басқа да салаларды дамытуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
Бұл бағыттағы ықпалдастықтың мүмкіндігі расында да мол. Атап айтқанда, жасанды интеллектіні өнеркәсіп пен тау-кен өндірісіне енгізу, энергетикалық желілерді зияткерлік басқару, жүргізушісіз көлік, цифрлық медицина, «ақылды қалалар», спутниктік технологиялар, электрондық коммерция, деректерді өңдеу орталықтары және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру салаларында бірлесіп атқаратын жұмыс ауқымды.
Біз жасанды интеллект санаулы технологиялық державалардың ғана игілігіне айналмауға тиіс деп санаймыз. Оның үстіне, ол геосаяси текетірес пен қысым көрсетудің жаңа құралы болмауы керек. Жасанды интеллект бүкіл адамзаттың дамуына қызмет етуге тиіс. Барлық мемлекет заманауи технологияларға, білім мен есептеу ресурстарына тең әрі әділ қол жеткізуі қажет.
Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз Қытайдың көзқарасымен үндеседі. Биыл шілде айында Шанхайда Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаған 29 мемлекеттің қатарына қосылды.
Бұл — жасанды интеллект саласында мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіретін ашық әрі тиімді халықаралық жүйе қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Қазақстан Еуразияның цифрлық хабына айналуды көздейді. Осы орайда Екібастұз қаласында қолға алынған «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасының маңызы зор.
Alatau City жобасы да айрықша назар аударады. Мақсат — бірегей экономикалық әрі технологиялық экожүйе қалыптастыру. Қалада цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект басқару жүйесіне, көлік пен энергетикаға, білім беру және қоғамдық қызмет көрсету салаларына кеңінен енгізіледі.
Біз халықаралық тәжірибені мұқият зерделедік. Соның ішінде небәрі бірнеше онжылдықта әлемдегі ірі жоғары технология орталығына айналған Шэньчжэнь қаласының даму тәжірибесіне ерекше назар аудардық.
Қазақстанда осындай жобаларды жүзеге асыруға қытайлық компаниялар белсене атсалысады деп үміттенемін. Алдағы жылдары елдеріміз мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа жоғары технологиялар саласын қалыптастыратынына кәміл сенемін.
Сондай-ақ 2026 жылғы 25 қыркүйекте Алматыда өтетін «Қазақстан — Қытай» инвестициялық форумын ерекше атап өткім келеді. Өзім де қатысуды жоспарлап отырған бұл басқосу экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтып, бірлескен нақты жобалардың бастауына айналады деп ойлаймын.
— Шанхай ынтымақтастық ұйымы, «Орталық Азия — Қытай» форматы, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес — Қазақстан мен Қытайдың қатысуымен көпжақты ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды платформалар. Қазіргі халықаралық және өңірлік кеңістікте болып жатқан тегеурінді өзгерістер кезеңінде Сіз бұл тетіктердің өңірлік ынтымақтастық пен өзара бірлікті нығайтудағы, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің дамуы мен жаңғыруына ықпал етудегі рөлін қалай бағалайсыз? Сіздің ойыңызша, өңірлік қауіпсіздікті, тұрақтылықты одан әрі нығайтып, ортақ дамуға, өркендеуге жол ашу үшін Қазақстан мен Қытай өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша өзара іс-қимылды одан әрі қалай күшейте алады?
— Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі терең дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Өзара сенімсіздік белең алып, геосаяси текетірес күрт күшейді. БҰҰ-ның әмбебап әрі баламасы жоқ халықаралық ұйым ретіндегі беделі мен әлеуетіне нұқсан келді.
Терроризм мен климаттың өзгеруінен бастап, технологиялық теңсіздік пен жаһандық жеткізу тізбектерінің бұзылуына дейінгі трансшекаралық сын-қатерлер де күшейіп тұр.
Қазақстан жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында халықаралық күш-жігерді біріктіру қажет деп санайды. Бұл ретте алып бейбітсүйгіш держава ретіндегі Қытайдың рөлін елемеу мүмкін емес.
Осы тұрғыдан Қазақстан ШЫҰ, «Орталық Азия — Қытай» форматы мен АӨСШК аясындағы сындарлы ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Бұл көпжақты құрылымдар бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық пен даму секілді түпкі мақсаттар жолында жұмыла әрекет етері сөзсіз.
Сондықтан ШЫҰ-ның қызметі ерекше қызығушылық тудырады. Биыл Ұйымның құрылғанына 25 жыл толып отыр. 1996 жылы сәуір айында Шанхай қаласында «Шанхай бестігі» құрылған саммитке қатысу бақыты маған да бұйырды. Кейін оған көптеген елдің қызығушылығы артып, ұйым аясы кеңейіп, нығая түсті. Нәтижесінде қазіргі таңда ең беделді әрі тиімді халықаралық ұйымдардың біріне айналған ШЫҰ қалыптасты.
Бұл ұйым ең негізгі құндылықтар саналатын өзара сенім, теңдік, диалогқа, мәдени әралуандықты құрметтеу мен тізе қосып даму жолына ұмтылуға деген «Шанхай рухын» сақтап қалды. Мен бұл қағидаттарды халықаралық ынтымақтастықтың өзіндік «стандарты» ретінде қарастырамын.
Жоғарыда айтып өткенімдей, Қазақстан «Орталық Азия — Қытай» форматын жан-жақты қолдайды. Аз уақыттың ішінде бұл құрылым өзінің қажеттілігін дәлелдеп, өңір елдері мен Қытай арасындағы ауқымды өзара іс-қимылдың тиімді тетігіне айналып келеді.
Өткен тарихқа үңілсек, Қытай Орталық Азия халықтарымен бірге Ұлы Жібек жолының қалыптасуы мен өркендеуіне үлес қосқанына көз жеткізуге болады. Қытай халқы қазақтарға қиянат жасаған емес, керісінше, үнемі қол ұшын созып келді. Осындай дәстүрдің бүгінге дейін жалғасып келе жатқаны қуантады.
Астанада өткен «Орталық Азия — Қытай» екінші саммиті барысында мемлекеттеріміз мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Бұл құжат ұрпақтар достығы қағидатын заң жүзінде бекітіп, алты ел арасындағы қарым-қатынас тарихының кезекті белесіне жол ашты.
Жаңа дәуірде Орталық Азия елдері мен Қытай өзара тиімді өңірлік ынтымақтастықтың нақты үлгілерін көрсетіп келеді. Қазақстан үшін өңіріміздің бейбітшілік пен тұрақтылық, жасампаз әріптестік пен орнықты даму кеңістігі болып қала беруі айрықша маңызды.
Қазіргі таңда біз нақты міндеттерді шешуге күш салып отырмыз. Олар — көлік дәліздерін дамыту, сауда кедергілерін жою, бірлескен өндірістер құру, заманауи агротехнологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізу, энергетика, цифрлық экономика, ғылым мен білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту бағыттары.
Басқаша айтқанда, алдымызда тұрған міндет — елдеріміздің географиялық жақындығын өзара тұрақты экономикалық байланысқа, ал ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін тұрақты өсім мен халықтарымыздың әл-ауқатын арттыруға айналдыру.
Қазақстан үшін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) айрықша маңызға ие. Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын еліміз БҰҰ аясында аталған форумды құру туралы бастама көтерген болатын. АӨСШК Азия аумағының шамамен 90 пайызын және Жер шарындағы халықтың жартысына жуығын қамтып отырғаны әрі бүгінде қауіпсіздік пен сенім шараларына қатысты мәселелерді талқылау үшін таптырмас форумға айналып келе жатқаны қуантады.
Қазақстан АӨСШК қызметін тұрақты қолдағаны үшін Қытайға ризашылығын білдіреді. Біз аталған форумды толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру бағытындағы бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыра береміз.
— 2026 жыл Қазақстан мен Қытай мәдениеттерінің тоғыспалы жылы деп жарияланды. Кейінгі жылдары екі елдің гуманитарлық байланыстары айтарлықтай жандана түсті. Туризм, білім беру, БАҚ және жастар саясаты салаларындағы ынтымақтастық та қарқын алып, екі ел халықтарын бұрынғыдан да жақындастыруға өз ықпалын тигізіп жатыр. Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық байланыстар саласында кейінгі жылдары қол жеткізілген нәтижелерді қалай бағалайсыз? Сіздің ойыңызша, Қазақстан мен Қытай екіжақты қарым-қатынастың қоғамдық негізін қалай нығайта алады? Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік достық идеясы халықтарымыздың жүрегінде терең орнығуы үшін қандай қадамдар қажет?
— Көне даналық сөзде айтылғандай, мемлекеттердің қарым-қатынасы адамдардың өзара сенімінен бастау алады.
Халықтар бір-бірін танып, түсініп, құрметтеген кезде мемлекетаралық ықпалдастық беки түседі. Сондықтан қазақ-қытай ынтымақтастығының гуманитарлық бағытына үлкен мән береміз.
Бұл маңызды салада қол жеткізілген оң нәтижелер аз емес. Ресми саяси әрі экономикалық қарым-қатынаспен қатар, елдеріміздің азаматтары арасындағы тікелей байланыстар да жандана түсті.
Биыл Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының өткізілуі — осы үрдістің айқын дәлелі. Былтыр Бейжіңде Қазақстанның Мәдениет орталығын аштым. Қытай жұртшылығы еліміздің тарихи мұрасымен, әдебиетімен, музыкасымен, кинематографиясымен, ұлттық дәстүрлерімен әрі заманауи өнерімен танысуға мүмкіндік алды.
Білім беру саласына айрықша мән беремін. Бүгінде Қазақстанның ондаған мың студенті Қытайда білім алып жүр. Сонымен қатар Қазақстан университеттерін таңдаған қытайлық азаматтардың да қатары артып келеді. Қазақстанда Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары, «Лу Бань шеберханалары» табысты жұмыс істеп жатыр, академиялық ұтқырлық пен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық бағдарламалары кеңейіп келеді. Бұған дейін айтып өткенімдей, қазақ-қытай цифрландыру және жасанды интеллект мектебін құру туралы ұсыныс жасадым.
Менің ойымша, бұл тек білім беру жобалары ғана емес, сонымен бірге екіжақты қарым-қатынастың болашағына салынған стратегиялық инвестициялар.
Туризмнің дамуына өзара визасыз режимнің енгізілуі елеулі серпін берді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға келген қытайлық туристердің саны 962 мыңға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 47 пайызға артты. Барыс-келіске тікелей әуе қатынасының кеңеюі мен жаңа автомобиль бағыттарының ашылуы да ықпал етіп жатыр.
Біз қытайлық достарымызға Қазақстанның сан қырлы келбетін жан-жақты танытуға асықпыз. Атап айтқанда, заманауи Астана мен көне Түркістанды, Алматының таулары мен Маңғыстаудың бірегей табиғи ландшафттарын, Ұлы дала мен Ұлы Жібек жолының мұраларын, ұлттық музыкамызды, аспаптарымызды, тағамдарымыз бен қонақжайлық дәстүрлерімізді көрсеткіміз келеді.
Сонымен қатар Қазақстан да бүгінде таңғаларлық даму үлгісін көрсетіп отырған ежелгі өркениет елі — Қытайды зор қызығушылықпен танып-біліп жатыр.
Қазақ пен қытай халықтары сан ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келеді. Кезінде Ұлы Жібек жолы адамдарды, мәдениеттерді, білім мен өркениеттерді өзара байланыстырды. Біздің ортақ ұлы тарихымыз халықтар достығының жарқын болашағына негіз қалап, тағдыры ортақ Ұлттар қауымдастығының табысты қалыптасуына жол ашты.
Бұған дейін Синьхуа агенттігі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазбаша сұхбатын жария еткен болатын.