Мемлекет басшысы Қазақстан мен Грузия арасында «жол картасын» әзірлеуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORNM - Мемлекет басшысы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту үшін оны нақтылай түсіп, энергетика, инвестиция, көлік қатынасы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм және басқа да перспективті салаларға бағытталған «жол картасын» әзірлеуді ұсынды.
Бұл туралы Президент Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен келіссөз барысында айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе өзара тиімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.
Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының негізгі қатысушылары ретінде екі ел көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, контейнерлік тасымал көлемін кеңейту, тариф саясатын үйлестіру және цифрландыруды үдету бағытында дәйекті шаралар қабылдауға ниетті.
Соңғы бес жылда Орта дәліз арқылы тасымал көлемі 3,5 есе өскен. 2029 жылға қарай аталған бағдар бойынша қатынайтын контейнерлік пойыздар саны 3 мыңға жетеді деп күтілуде.
Қазақстан Батуми портынан бөлек, Грузияның басқа да теңіз айлақтарына кіруге мүдделі. Өткен жылы қазақстандық инвестордың қатысуымен Поти портында жаңа мультимодальді терминал ашылды. Анаклия порты – өңіраралық байланысты нығайту тұрғысынан қызықты жобаның бірі саналады.
Цифрландыру мен жасанды интеллект өзара ынтымақтастықтың перспективті салаларының қатарында аталды.
Екі ел цифрлық үкімет, онлайн мемлекеттік қызметтер және GovTech шешімдер бағытында тәжірибе алмасуға дайын екенін растады.
Қазақстан Грузия стартаптары мен технологиялық компанияларының Astana Hub бағдарламасына және аймақтық технологиялық бастамаларға қатысуын құптайды.
Бұдан бөлек, әңгімелесу барысында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы серіктестікті нығайту мәселесіне айрықша назар аударылды.
Президент Грузияның қазақстандық туристер үшін танымал бағыттардың бірі саналатынын атап өтіп, еліміз де грузиялық меймандарды құшақ жая қарсы алуға дайын екенін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәдени алмасуларды қолдаудың маңызына мән беріп, екі елдің мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды.
Осыған дейін Қазақстан мен Грузия стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеретіні туралы жаздық.