Мемлекет басшысы: Қазақстанға келетін мамандардың шыққан тегінен қабілеті маңызды

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысында Қазақстан өнімділікті арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, сондай-ақ су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға баса мән беретінін айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

оқаев: Қазақстанға келетін мамандардың шыққан тегінен қабілеті маңызды
Фото: Ақорда

Бұдан бөлек, Президент медицина мен фармацевтика салаларындағы серіктестікті нығайтудың маңызына назар аударды.

— Біз IBA компаниясымен ынтымақтастықты құптаймыз. Бұл Қазақстандағы протонды терапияға қолжетімділікті арттырады. Сала мамандарын даярлауға және клиникалық зерттеулер жүргізуге қатысты бірлескен бағдарлама онкологиялық ауруларды емдеудің озық тәсілдері бойынша құзыретімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Бельгияның фармацевтикалық компанияларын елімізде өндіріс орындарын ашуға шақырамыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Ақорда

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан өз азаматтарымен бірге жұмыс істей алатын озық ойлы әрі іскер тұлғаларды тартуға мүдделі екенін айтты.

— Мұндай мамандар елімізге неғұрлым көп келсе, соғұрлым баршамызға пайдалы болар еді. Өйткені осы арқылы адамдар арасындағы қарым-қатынас жақсарып, кәсіби байланыс жандана түседі. Халқымыз осындай аралас-құраластықты бағалайды. Қазақстан Президенті ретінде мен үшін елімізге келетін азаматтардың шыққан тегі емес, ең алдымен, қарым-қабілеті мен ақыл-ойы маңызды, — деді Президент.

Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысы
Фото: Ақорда

Бұдан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысында энергетика және мұнай химиясы салаларындағы ынтымақтастық перспективасына баса назар аударғанын жазғанбыз.