Мемлекет басшысы Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекітті

Указ Президент подписание Жарлық Президент қол қойды
Коллаж: Kazinform/ Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекітті. 

Құжатта 2023 жылы Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында орнықты, сапалы және инклюзивті өсу траекториясына шығу мақсатында экономикалық дамудың жаңа парадигмасын іске асыру қажеттігін белгілеп бергені атап өтілген.

«Орташа табыс тұзағынан» құтылу және Қазақстанның табысы жоғары елдер қатарына орнығуы үшін берік институционалдық және әлеуметтік- экономикалық негіздерді қалыптастыру – орта мерзімді кезеңге арналған дамудың негізгі мақсаттары. Жаһандық экономикалық, климаттық және технологиялық мегатрендтердің артып келе жатқан қысымы, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық салада жинақталған теңгерімсіздіктердің қауіпті деңгейі жағдайларында қойылған міндетке қол жеткізу міндеттерге басымдық беруді және елді дамытудың жаңартылған орта мерзімді жоспарын қалыптастыруды талап етеді», - делінген құжат мәтінінде.

Протекционизм мен шектеу шараларының күшеюі аясында қатар басталған жаһандық тізбектер мен сауда-экономикалық байланыстарды қайта құру үрдісі әлемдік экономиканың өсу әлеуетінің төмендеуіне, жоғары инфляцияның ұзақ цикліне және инвестициялар үшін жоғары бәсекелестіктің болуына әкелді. Мұндай жағдайларда Қазақстан экономикасының экспорттық-шикізат моделі бюджет кірістерін қалыптастыру және оны әртараптандыруға инвестиция салу мүмкіндігі тұрғысынан шектеледі.

«2014 жылдан бастап ұлттық экономиканың орташа жылдық өсу қарқыны баяулады және бүгінде 5%-дан аз. Аса жеткіліксіз инвестициялау, инновацияның және экономика өнімділігінің төмен деңгейлері аясында бұл жойылып бара жатқан негізгі қорларды дамыту әрі орнын толтыру үшін жеткіліксіз. Бұл ретте, 2022 жылы ЖІӨ-нің 15%-дан астамы және Қазақстан экспортының 70%-ы минералдық шикізатпен байланысты салаларға тиесілі болды. Сонымен бірге, қазба отындарына әлемдік сұраныстың шарықтау шегі жақындаған сайын және ресурстық базаның сарқылуымен экономикадағы құрылымдық өзгерістердің, сондай-ақ мемлекеттік қаржы саласында теңгерімді саясат жүргізудің қажеттілігі артады», - деп жазылған құжатта.

Сонымен қатар, 10 жыл ішінде қомақты қаражат жұмсау арқылы экономиканы дамытуға арналған бюджет үлесі төмендеді. Бұл ретте, халықтың кірістер құрылымындағы мемлекеттік қолдаудың үлесі 2010 жылғы 14%-дан 2022 жылы 23%-ға дейін өсті.

«Өткен онжылдықтардағы Қазақстанның экономикалық өсуі қоршаған ортаның жай-күйіне елеулі әсер етумен қатар жүрді, ол жаһандық экологиялық факторлармен бірге экологиялық жағдайды ушықтырды. Қазақстан парниктік газдар шығарындылары бойынша топ-20 елдің қатарына кіреді, ал ел халқының 20%-дан астамы тұратын жерлердің үштен екісіне құрғақшылық қаупі төніп тұр. Бұл мәселелерді шешу 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша ел қабылдаған міндеттемелерге сәйкес шұғыл әрекет етуді талап етеді», - деп аталым өткен құжатта.

Мұнымен қоса, Қазақстанның серпінді технологиялардың жаһандық күрт даму үрдісіне қатысу әлеуеті жоғары. Аталған сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары әзірленді.

Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары шеңберінде экономикалық қайта құрулардың негізінде жатқан бес бірізді қағидат айқындалды:

- Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру және тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсарту үшін бәсекелестікті ырықтандыру әрі ынталандыру;

- Кәсіпкерлікті қорғау және дамыту, сондай-ақ экономиканың өсуі үшін оны жеткілікті инвестициялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін инвесторлар үшін түсінікті, болжамды және тартымды экономикалық саясат;

- Сапалы білім беруді қамтамасыз етуге және кәсіпкерлік пен шығармашылық бастаманы қолдауға баса назар аудара отырып, қазақстандықтардың әлеуетін ашу;

- Инновациялық белсенділікті кеңейту, салалар мен кәсіпорындарды жаңғырту және цифрландыру арқылы экономиканың өнімділігі мен күрделілігін арттыруға баса назар аудару;

- Өңірлердің дамуында аса үлкен алшақтыққа жол бермеу және өңірлердің өз әлеуетін әрі үлкен экономикалық дербестігін іске асыруы үшін жағдай жасау.

Атап айтқанда, осы Жарлық қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Соңғы жаңалықтар
telegram