18:25, 28 Қаңтар 2025 | GMT +5
Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасына құттықтау жеделхатын жолдады
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпин мен оның барша отандасын «Чуньцзе» мерекесімен құттықтап, жеделхат жолдады.

Президент жаңару мен бірлікті, мейірімділік пен жасампаздықты дәріптейтін қастерлі мейрамға орай жылы лебізін жеткізіп, елін бүгінгіден де биік белестерге жетелеуді көздеген ҚХР Төрағасының стратегиялық бастамалары мен игі жоспарларына сәттілік тіледі.
– Қазақстан мен Қытайдың мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігі күннен-күнге жанданып, мызғымас достық пен өзара тиімді ықпалдастықтың үлгі тұтарлық көрінісіне айналғанын зор ризашылықпен атап өтемін. Бұл игі іске Сіздің қосып отырған ерекше үлесіңізді жоғары бағалаймын және Қытаймен сан қырлы ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға мүдделі екенімді растаймын, – деп жазылған жеделхатта.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзін жариялағанбыз.